Astana Finance Days: Қазақстанда кәсіпкерлер көміртек бірліктерін биржа арқылы сата алады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда экологиялық жобаларды жүзеге асыратын кәсіпкерлерге көміртек бірліктерін биржа арқылы саудалауға мүмкіндік беріледі. Бұл туралы Astana Finance Days аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев айтты.

Astana Finance Days форумы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оның сөзінше, АХҚО көміртек бірліктері саласындағы халықаралық Verra стандартымен келісім жасасуды жоспарлап отыр.

Жанболат Кәкішев
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

– Біз Verra стандартымен келісімге қол қоямыз. Бұл бізге көміртек бірліктерін саудалауға мүмкіндік береді. Verra – осы саладағы әлемдегі ең ірі стандарттардың бірі. Оны біздің биржаға енгіземіз. Соның арқасында экологиялық жобалармен айналысатын кәсіпкерлер көміртек бірліктерін тікелей біздің биржа алаңында саудалай алады, - деді Жанболат Кәкішев.

Оның айтуынша, аталған келісімге Astana Finance Days аясында қол қойылмақшы.

АХҚО өкілі форумда жаңа келісімдер жасау үшін арнайы алаң қарастырылғанын да атап өтті. Мұнда нарық қатысушылары өз жобалары бойынша келісімдерге қол қоя алады.

Айта кетейік, бүгін елордада Astana Finance Days форумы өтіп жатыр. Биылғы іс-шараға әлемнің 90 елінен 8 мыңға жуық қатысушы тіркелген. Форум аясында Қазақстанның тау-кен және креативті индустрия саласындағы жобалары шетелдік инвесторларға таныстырылып жатыр.