Түркістанда 13 кәріздік тазалау қондырғысының 9-ы экологиялық қауіп төндіріп тұр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында қатты тұрмыстық қалдық тастайтын полигондардың өртенуі, жылыжайлардағы көмір пайдалану және кәріздік тазалау қондырғыларының тозуы өңірдегі экологиялық жағдайды алаңдатып отыр.

Елордада кәріз тазарту құрылыстары салынады
Фото: Астана әкімдігі

Облыстық экология департаментінің басшысы Қадірхан Бейсенбаевтың айтуынша, қазіргі таңда өңірде барлығы 13 кәріздік тазалау қондырғысы бар. Оның тек төртеуі — Арыс қаласы мен Жетісай, Мақтаарал және Созақ аудандарындағы нысандар экологиялық талаптарға сай келеді.

— Ал Түркістан қаласы, Сайрам, Төлеби, Түлкібас, Шардара және Сарыағаш аудандарындағы қондырғылардың техникалық тозуына байланысты тазалау тиімділігі төмен. Кентау қаласы мен Сарыағаш ауданының Көктерек кентінде кәріздік тазалау қондырғыларының мүлде болмауы салдарынан тазартылмаған ағын сулар қоршаған ортаға төгіліп, экологиялық әрі санитарлық қауіп төндіріп отыр, — деді спикер.

Бұдан бөлек, өңірде қатты тұрмыстық қалдық тастайтын полигондардың жиі өртенуі экологиялық қауіптің артуына себеп болып отыр. Өткен жылы облыста осындай 17 дерек тіркелген.

— Рейдтік іс-шаралар барысында жеке және заңды тұлғаларға қатысты 17 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 9,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. «Қазақстан Ғарыш сапары» АҚ-мен бірлесіп жүргізілген ғарыштық мониторинг нәтижесінде өңірде 249 заңсыз қоқыс орны анықталып, толықтай тазартылды, — деді ол.

Сонымен қатар Сарыағаш ауданында жылыжай шаруашылықтарының тығыз орналасуы және көмір отынын пайдалануы, әсіресе қыс мезгілінде, атмосфералық ауаның ластануына әкеліп отыр. Соның салдарынан тұрғындар тарапынан түтін мен жағымсыз иіске қатысты шағымдар жиілеген.

Департамент мәліметінше, өткен жылы облыста 80-нен астам бақылау шаралары жүргізілген. Нәтижесінде 177 экологиялық заң бұзу анықталып, оларды жою үшін 173 нұсқама берілген, оның 124-і орындалған.

Анықталған заң бұзу бойынша 824 әкімшілік іс қозғалып, 92,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның 79,3 млн теңгесі өндірілсе, 11,7 млн теңгесі мәжбүрлеп өндіруге жолданған.

Сондай-ақ былтыр кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің 423 дерегі анықталған. Соның ішінде 325 жеке тұлғаға қатысты 7,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Құжаттарының толық болмауына байланысты 102 іс және дайын өнімге қатысты 23 іс кері қайтарылған.

Бұдан бұрын Түркістан облысында тұрмыстық қалдық тастайтын полигондар талапқа сай емес екенін жазған едік.