Ұлттық даму институты статусындағы «Отбасы банк» пәтер бөлуді Ақмола облысынан бастады
АСТАНА.KAZINFORM - Жаңа пәтер кілтін алған бақытты жандар қатарында көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектігі бар жандар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар.
Көкшетау қаласындағы «Сарыарқа» ықшамауданында ұзақ жылдар бойы баспана кезегінде тұрған өңір тұрғындарына 21 пәтердің кілті салтанатты түрде табыс етілді. «Отбасы банк» ұлттық даму институты ретінде жаңа пәтерлер таратты. Бұл Ақмола облысы әкімдігі мен банк арасындағы бірлескен пилоттық жоба. Мұнда автоматтандырылған жүйе механизмі қолданылып, ол өзінің тиімділігін дәлелдеді. Жақын арада «Отбасы банк» еліміздің басқа аймақтарында жалға берілетін және ипотекалық тұрғын үйлерді бөлуді бастайды.

Жаңа пәтер иелерін Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова мен «Отбасы банкінің» Ақмола облыстық филиалының директоры Алмат Нұрахметов құттықтады.
-Тұрғын үй берудің ерекшелігі - бәрі автоматты режимде жүргізілді. Ешқандай комиссия, ешқандай адами фактор болған жоқ. Бұл үшін орасан зор жұмыс атқарылды. Банк қызметі ондаған мемлекеттік деректер базасымен біріктірілген. Кезекте тұрғандар пәтер алуға өтініш берді, жүйе тұрғын үй кезегіне ертерек қосылған және сол жерде белгілі бір басымдық санатына сәйкес келетін пәтерлердің тізімін жасады. Алғашқы пәтерлер 21 отбасы арасында үлестірілді, енді кезекте 47 отбасы тұр, содан кейін тағы 55 пәтерді үлестіреміз, - деді Алмат Нұрахметов.

Жаңа пәтерге ие болған бақытты жандар қатарында Самал Итқұлова да бар. Екі баласы бар келіншек 11 жыл бойы өз баспанасы болғанын армандап, жалдамалы пәтерде өмір сүрді. Осы уақыт бойы ол күндердің күні өз кезегі келетініне сенбеді.
- Бүгін мен қуаныштан көз жасымды тыя алмай тұрмын. Халықтың қолжетімді шарттармен пәтер алу мүмкіндігінің болғаны қандай жақсы. Қазіргі таңда ипотекаға пәтер алу оңай емес, пайыздық мөлшерлеме өте жоғары. Бірақ, «Отбасы банк» пен мемлекетіміздің қолдауының арқасында төмен пайызбен баспана алуға мүмкіндігіміз бар. Пәтер жобасын өзім таңдадым. Енді өз баспанамыз бар, балаларымның қуанышында шек жоқ, - деген пәтер иесі қуанышын жасыра алмады.
Кезекте тұрғандарға баспананы Ақмола облысының әкімдігі үлестірді. Отбасы банкке барлығы 68 пәтер шаршы метріне 261 850 теңгеден берілді. Облыс тұрғындары пәтердің шаршы метрін жылдық 2% (2%-дан 2,1%-ға дейін) және 5%-дық(5,2%-дан 5,8%-ға дейін) жеңілдетілген мөлшерлемемен, небәрі 10% бастапқы жарнамен сатып алды.

Бес баланың анасы Зайра Әубәкірова ауылдан Көкшетауға қоныс аударып, бірден «Отбасы банк» арқылы байқауға қатысуға бел байлаған және пәтеріне қол жеткізді.
- Мұнда алғаш көшіп келгенімде өте қиын болды. Тұрғылықты мекенжайымыз болмағандықтан ешкім баспана кезегіне алмады. Жатақханаға тіркелуімізге тура келді. Бір бөлмені 100 мың теңгеге жалға алдық. Енді біз небәрі 2% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие төлейтін боламыз (жылдық пайыздық мөлшерлеме 2%-дықұрайды). Үнемі бір пәтерден екінші пәтерге көшіп, екі есе көп төлегеннен гөрі бұл бізге әлдеқайда ыңғайлы. Пәтердің кілтін алғанымда, қатты толқыдым. Біздің пәтеріміз 5-қабаттағы екі бөлмелі пәтер, өте жылы. Бірнеше күннен кейін көшіп келуді жоспарлап отырмыз, содан кейін орналасып, жақын жерден мектеп табамыз, - деді Зайра.
«Отбасы банк» қызметкерлерінің айтуынша, Ақмола облысында кезекте тұрғандар арасында тұрғын үй тарату - Отбасы банкі «Тұрғын үймен қамту орталығының» пилоттық жобасы. Осы жоба аясында «Отбасы банк» 2025 жылдың 13 тамызынан бастап субсидияланатын әлеуметтік тұрғын үй алуға кезекте тұрғандардың өтініштерін қабылдауды бастады. Жүйе тұрғын үйге кезекке тұру күні мен кіріс деңгейін ескере отырып, автоматты түрде пәтерлерді бөлді.
Шаршы метрлер бірінші кезекте тұрған азаматтардың басым санаттары арасында бөлінді: ҰОС ардагерлері мен соларға теңестірілген азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, I және II топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар және жесірлер. Бұл тұлғалар тұрғын үймен қамтамасыз етудің жалпы көлемінің 70%-ын құрады. Оның 20%-ы жетім балаларға үлестірілді. Қалған 30%-ы кезекте тұрғандардың басқа санаттары арасында бөлінді.
Жақын арада «Отбасы банк» еліміздің басқа аймақтарында жалға берілетін және ипотекалықтұрғын үй таратуды бастайды. Бұл үй кезегінде тұрғандарды ілгерілетіп, мұқтаж жандарға баспана алуға көмектеседі.