Ұлттық домбыра күніне орай қызылордалық оқушылар қоғамдық көліктерде күй орындады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктерде жас өнерпаздар Ұлттық домбыра күніне орай күй орындап, жолаушылардың құлақ құрышын қандырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық даму бөлімінен хабарлады.

- Бүгін қызылордалық жас домбырашылар ұлттық рухты оятқан тамаша бастамамен халықты қуантты. Автобус ішінде күмбірлете төгілген «Балбырауын» күйі жолаушылардың көңілін көтеріп, керемет атмосфера сыйлады. Жас күйшілер осындай игі бастама арқылы ел ішінде ұлттық өнерді дәріптеуге үлкен үлес қосып жүр, - делінген хабарламада.
Жолаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлаған — Мәдина Ералиева атындағы Қызылорда қалалық мәдениет үйіндегі «Балбұлақ» домбыра үйірмесінің қатысушылары.
- Біз 10 мен 14 жас аралығындағы мектеп оқушыларының бойына қара домбыраның қасиетін сіңіруге тырысамыз. Балалардың ұлттық аспапты үйренуге ынта-ықыласы жоғары. Үйірмеде онға жуық бала бар. Олар бүгін қоғамдық көліктерде Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындап, қала тұрғындарының мерекелік көңіл-күйді сезінуіне ықпал етті, - деді үйірме жетекшісі Ару Оспанова.
Бұған дейін қоғамдық көліктерде мәдениет үйіне қарасты әжелер ансамблі өнер көрсеткен. Осы жолы шығармашылық ұжым өздерін басқаша қырынан көрсеткісі келіп, балалардың өнерін ортаға салды.
Ал кеше Қызылордада Ұлттық домбыра күніне орай Мырза Тоқтаболатұлының 175 жылдығына арналған «Сыр толқыны» атты II республикалық күйшілер байқауы өтті.