Ұлттық ғылым академиясына төрт шетелдік ғалым мүше болды
АСТАНА.KAZINFORM — Ұлттық ғылым академиясы әлемнің жетекші ғалымдарын шетелдік мүше етіп сайлады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы (бұдан әрі – Академия) әлемдік ғылыми қауымдастықпен ынтымақтастықты нығайту жолында маңызды қадам жасады.
Академияның 2026 жылғы 18 тамыздағы №5 Жалпы жиналысының шешімімен Академияның шетелдік мүшелері сайланды. Бұл шешім отандық ғылымды жаһандық ғылыми кеңістікке интеграциялауға, халықаралық ғылыми әріптестікті дамытуға және озық білім мен тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Академияның шетелдік мүшелері болып әлемдік деңгейдегі төмендегі жетекші ғалымдар сайланды:
МУЗАФФЕР ШЕКЕР (Muzaffer Şeker, Түркия) – Түркия ғылым академиясының (TÜBA) президенті, PhD, профессор. Қан тамырлары, сүйек тіндері, нейроанатомия және ұрық анатомиясының морфометриялық зерттеулері саласындағы жетекші ғалым.
НАЖАТ МОХТАР (Najat Mokhtar, Марокко) – МАГАТЭ Бас директорының орынбасары, PhD. Эндокринология, метаболизмдік бұзылыстар, клиникалық нутрициология, сондай-ақ медицинада ядролық және изотоптық технологияларды қолдану саласындағы жетекші ғалым.
KAI-FU LEE (李開復, Қытай) – Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, Ph.D. Жасанды интеллект, тілтанымы және компьютерлік лингвистика бойынша жетекші маман.
ГРИФФИТС САЙМОН (Griffiths Simon, Ұлыбритания) – Бидай генетикасы және алдын ала селекция тобының жетекшісі (JIC), Ph.D. Генетика, селекция саласындағы жетекші ғалым, Ұлыбританиядағы генетикалық, геномдық және селекциялық зерттеулердің жетекшісі әрі үйлестірушісі.
Аталған шешім Қазақстан ғылымының халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға және әлемдік ғылыми элитамен тығыз байланыс орнатуға бағытталған. Шетелдік мүшелердің қатысуы бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға, инновациялық жобаларды іске асыруға және ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы алдағы уақытта да халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және елдің ғылыми әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.
Айта кетелік «Болашақ» стипендиясы мен ғылыми тағылымдама иегерлерінің есімі белгілі болған еді.