Ұлттық құраманың бас бапкері Бельгиямен матчтағы сенсация жайлы пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуін Еуропаның мықты командаларының бірі — Бельгияға қарсы өз алаңында тең нәтижемен аяқтады, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
«Астана Аренада» өткен ойын 1:1 есебімен аяқталды. Қазақстан құрамасы матчтың соңғы он минуттан астам уақытын бір ойыншы жетіспей ойнаса да, тең нәтижені сақтап қалды.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов матчқа қорытынды жасады.
— Іріктеу аяқталды, біз бір ұпай алдық және нәтижеге разымыз. Матчтың қаншалықты ауыр болғанын бәрі көрді. Бельгияға әлем чемпионатына шығу үшін жеңіс қажет еді, қысым да сезілді. Бірақ жігіттерге «алғыс» айтқым келеді, бәріне төтеп берді, — деді Байсуфинов.
Бапкер Ислам Чесноковтың алаңнан қуылған сәтіне де жеке тоқталды.
— Бұл эпизодты мұқият қарап шығу керек. Матч соңында біздің ойыншымыз да соққы алды. Бірақ төрешінің шешімі — олардың жұмысы, — деді ол.
Бірінші таймда Қазақстан құрамасы Дастан Сатпаевтың нақты соққысының арқасында есепте алға шықты. Екінші таймның басында бельгиялықтар таразы басын теңестірді — голдың авторы Ханс Ванакен. Қызыл карточка мен қарсыластың қысымына қарамастан, Қазақстан құрамасы есепті сақтап қалды және ресми кездесулердегі жеңілмеген сериясын үш ойынға дейін ұзарта алды.