Ұлттық құрылтай ұсыныстары заңнамалық бастамаларға негіз болды – сенатор

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық құрылтай елдік ойды жинақтап, даму жолын нақтылай түскен тарихи жиын болды. Бұл туралы сенатор Руслан Рүстемов мәлім етті.

құжат
فوتو: ۆيكتور فەديۋنين/kazinform

- Ұлттық құрылтай тағы бір мәрте ел үшін ең маңызды сұрақтардың ашық әрі жауапкершілікпен талқыланатын алаңы екенін көрсетті. Бұл жай жиын емес, қоғамның үні естілетін, сөздің іске айналатын орны. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашы болған реформалар дәл осы әділеттілік қағидатына сүйеніп жүзеге асуда. Конституциялық және саяси жаңғыру қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, азаматтардың ел дамуына араласуына жол ашты. Ұлттық құрылтай – сол сенімнің нақты көрінісі. Мұнда көтерілген ұсыныстар тек пікір ретінде қалып қоймай, заңнамалық бастамаларға, мемлекеттік бағдарламаларға, өңірлік жобаларға айналып отыр. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, вейптерге тыйым салу, қоғамдық әдеп, ономастика жөніндегі, вандализммен күрес, ойын бизнесін шектеу секілді маңызды шешімдер осы алаңда айтылған ойлардың жемісі, - деді Р. Рүстемов.

Оның пайымынша, биылғы құрылтайдың ертерек өтуі де кездейсоқ емес. Қиын геосаяси жағдайда елдің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін батыл әрі уақтылы шешімдер қажет. Қызылордада өткен Құрылтайдың секциялық отырыстарында әлеуметтік-мәдени даму, білім мен ғылым, азаматтық қоғам, экономикалық саясат бағыттарында нақты ұсыныстар ортаға салынды. Әр бастама хаттамаланып, жүзеге асыру тетіктері қарастырылатыны құрылтай жұмысының нәтижеге бағытталғанын көрсетеді.


- Қазіргі уақытта елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси және конституциялық реформалар қоғам мен мемлекет арасындағы қатынасты түбегейлі жаңа деңгейге көтергенін атап өткен жөн. Әділеттілікке негізделген бұл өзгерістер халықтың билікке деген сенімін нығайтып, азаматтардың ел дамуына тікелей араласуына мүмкіндік берді. Осы тұрғыдан алғанда, биылғы Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өтуі терең символдық мәнге ие. Бір кездері Қазақ елінің астанасы болған Сыр өңірі тарихта талай тағдырлы шешімдер қабылданған қасиетті мекен. Демек, сол кезеңнен тура бір ғасыр өткен соң құрылтайдың дәл осы жерде өтуі өткен мен бүгіннің сабақтастығын айқын көрсететін маңызды таңдау. Бүгінгі Ұлттық құрылтайда ел дамуының ең өзекті әрі тағдырлы мәселелері кеңінен көтеріліп, нақты бағыт-бағдар айқындалды. Құрылтайда Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше назар аударылып, соңғы үш жылда өңірде 34 білім беру, 45 мәдениет пен спорт нысаны және 40 медицина мекемесінің салынғаны атап өтілді. Мемлекет басшысы өңірдегі оң өзгерістерді облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы Нәлібаевтың белсенді, табанды еңбегінің нәтижесі ретінде бағалап, Қызылордада 300 орындық көп бейінді аурухананың құрылысы басталғанын, алдағы уақытта 500 орындық емхана мен 200 орындық перзентхана салынатынын жеткізді. Сонымен қатар биыл жаңа драма театр мен үлкен кітапхана құрылыстарын бастау қажеттігін атап өтті, - деді депутат.

Инфрақұрылым саласында да маңызды шешім қабылданып, Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізінің Қызылорда–Ақтөбе бағытында төрт жолақты автожол құрылысы биыл басталатыны сүйінші жаңалық ретінде жарияланды.

- Құрылтайда Сыр өңірінің тағдырымен біте қайнасқан Арал мәселесі де кеңінен сөз болып, Солтүстік Аралды сақтап қалу жолындағы жетістіктер, Көкарал бөгетін биіктету жобасының осы жылдың соңында басталатыны және су ресурстарын басқаруда көрші мемлекеттермен шебер дипломатиялық қарым-қатынас жасаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Сонымен бірге су мәселесінің стратегиялық сипат алатыны, халықаралық деңгейде Халықаралық су ұйымын құру бастамасы және алдағы экология саммитінде Арал тағдырының талқыланатыны айтылды. Құрылтайдың басты өзегіне айналған тағы бір маңызды бағыт – саяси реформалар болды. Болашақ Парламенттің жаңа үлгісі, оның құрылымы мен мандат саны, «Құрылтай» атауын беру, вице-президент институтын енгізу, Қазақстанның Халық Кеңесін құру, сондай-ақ Конституциялық комиссия жасақтау жөнінде нақты ұсыныстар жарияланды. Осылайша, бүгінгі Ұлттық құрылтай әлеуметтік даму, инфрақұрылым, экология, су қауіпсіздігі және саяси жаңғыру бағыттарын біртұтас қарастырып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген әділетті әрі орнықты мемлекетті қалыптастыруға бағытталған тарихи шешімдер алаңына айналды. Сыр бойында уақытынан бұрын өткен Ұлттық құрылтай тағы бір мәрте елдік ойды жинақтап, әділетке негізделген даму жолын нақтылай түскен тарихи жиын болды, - деді сенатор.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау беруді ұсынды. 

Соңғы жаңалықтар