Ұлттық мәртебе алған музейлерде қандай өзгеріс болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда орналасқан музейлердің басшылары ұлттық мәртебеге байланысты пікір білдірді.

Бірнеше күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздегі екі музейге ұлттық мәртебе берілді.
Олар - Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық музейі және Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейі. Осы орайда, Kazinform тілшісі музей басшыларымен тілдесіп, жаңа мәртебе алған музейлерде қандай өзгеріс болатынын сұрады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртонның айтуынша, ұлттық мәртебе музейге жаңа биіктерді бағындыруға жол ашады.
- 30 қаңтар күні Мемлекет басшысы біздің музейге ұлттық мәртебе беру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жоғары мәртебенің берілуі - екі ғасырдай тарихы бар музейдің осы уақыт ішінде тарихымызды сақтау, зерттеу мен насихаттауда атқарған үлкен жұмысының бағалануы деп түсінеміз. Сондай-ақ бұл мәртебе әлеуметтік мәселелерді де шешіп жатыр. Айта кетсек, музей қызметкерлерінің жалақасы көтеріледі. Сондықтан қызметкерлеріміз де бұл жаңалыққа қуанышты. Әрине, жоғары мәртебе алуымызға байланысты алға қоятын мақсаттарымыз да ұлғаяды, - деді ол.
Сондай-ақ Ғалия Теміртон музейдің алдағы жоспарларымен бөлісіп, жаңа мәртебеге байланысты қандай талаптар қойылғанын атап өтті.
- Алдағы уақытта жоспарымыз бойынша ауқымды жұмыстар жалғаса береді. Оның ішінде бүгінгі талаптарға сай цифрландыру жұмыстары бар. Мемлекеттік реестрге қаншама заттардың ғылыми атрибуциясын енгізіп келеміз. Сонымен қатар бізге шетелде сақталып, бірақ бізге әлі мәлім болмаған археографиялық және этнографиялық, соның ішінде археологиялық заттарды зерттеп, іздеу талаптары қойылып отыр. Оларды әкелу мүмкін болмаған жағдайда көшірмесін әкелу деген секілді Президент Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмаларын орындай береміз, - деді музей басшысы.
Ал Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекованың айтуынша, Ұлттық мәртебе мәдени мекемеге бірқатар артықшылықтар береді.
- Ұлттық мәртебенің берілуі музейдің жаңа мүмкіндіктерін кеңейтеді. Атап айтқанда, халықаралық ынтымақтастықты дамыту – мәртебе әлемдік деңгейдегі танымал суретшілерді, кураторлармен сарапшыларды тартуға ықпал етеді. Екінші, кәсіби кадрлар мен мамандарды тарту. Мәртебенің жоғарылауы музейді өнер, тарих және мәдениет саласындағы білікті мамандар үшін тартымды мекемеге айналдырады. Үшінші, туризмді дамыту. Ұлттық мәртебе ішкі және халықаралық туристерді тартуға ықпал етіп, қазақстандық өнерді әлемге танытуға мүмкіндік береді. Осылайша, ұлттық мәртебенің берілуі музейдің жаңа деңгейге көтерілуіне, сондай-ақ елдің мәдени мұрасын сақтау мен насихаттаудағы рөлін нығайтуға жол ашады, - деді Гүлайым Жұмабекова.
Айта кеткен жөн, Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық музейінің тарихи ХХ ғасырдың басынан бастау алады. 1921 жылғы ҚАКСР басшылық қаулысымен Орталық Қазақ өлкетану музейі құрылып, оған Орынбор өлкесі музейіндегі коллекциялардың бір бөлігі берілген. Музей 1929 жылы Қазақ Автономиялық республикасының жаңа астанасы – Алматыға көшіп келіп, Возненсенский кафедаралды шіркеуінің ғимаратына орналасты. 1944 жылы Қазақ КСР Орталық Мемлекеттік музейі деп аталды. Музейдің қазіргі орналасқан ғимараты 1985 жылы архитектор Ю.Ратушный, З.Мустафина және Б.Рзагалиевтың арнайы жобасы бойынша салынып, бүгінгі күні Алматы қаласындағы көрікті архитектуралық ғимараттардың бірі саналады. 2006 жылдан бастап музей ғылыми-зерттеу мекемесі статусын иеленген.
Ал Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейі биыл 90 жылдық мерейтойын тойлап отыр. Музей тарихы ҚазАКСР-да көрме өткізу туралы қаулы шыққан 1935 жылдан басталады. 1965 жылы арнайы жаңа ғимарат салынған. Қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы, даңқты суретшісі Әбілхан Қастеевтің есімі мұражайға 1984 жылы беріліп, галереяға орталық кіреберістің алдында оның ескерткіші орнатылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы музейлеріне 2024 жылы 300 мың адам келгенін жазғанбыз.