Ұлттық парктерге барған туристердің саны қаншалықты артты

АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр еліміздегі халықаралық іс-шаралар экономикаға шамамен 18 млн АҚШ доллары көлемінде пайда әкелді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті.

Баянауыл ұлттық паркі
Фото: Баянауыл ұлттық паркі

— Экологиялық туризм саласында тұрақты өсім байқалады.  Өткен жылдың қорытындысы бойынша ұлттық парктерге келушілер саны 3,7 миллион адамға жетті. Туристік жүктемені тиімді басқару және табиғи экожүйелерді сақтау мақсатында 2025 жылы экотуризмнің ұлттық стандарты жаңартылды. Осы бағытты одан әрі дамыту үшін ұлттық парктердегі инфрақұрылымды жетілдіруді, сондай-ақ туристік соқпақтар мен маршруттарды абаттандыруды жалғастыру қажет, — деді Е. Мырзабосынов.

Оның пайымынша, экспорттық әлеуеті жоғары бағыттардың бірі — конгрестік-іскерлік туризм. Былтыр елімізде 13 халықаралық іс-шара өткізіліп, экономикаға шамамен 18 млн АҚШ доллары көлемінде пайда әкелді.

— Қазақстанның халықаралық нарықтағы орнын нығайту үшін қолданыстағы инфрақұрылымдық шектеулерді жою қажет. Атап айтқанда, Алматы қаласы іскерлік белсенділіктің негізгі орталығы ретінде халықаралық деңгейдегі заманауи конгресс-көрме кешеніне мұқтаж. Бұл мәселе бойынша тиісті шешім қабылдау қажет, — деді министр.

Бұған дейін туризм саласында 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғанын жазған едік.