Ұлттық рейтингке ілінбеген университеттер қаржыландырудан қағылады — министр
АСТАНА. KAZINFORM — Университеттер бойынша ұлттық рейтинг жарияланады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде жоғары білімді кадрларды даярлау тақырыбына арналған Үкімет сағатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.
— Бірнеше жыл бұрын сапасыз университеттерді қысқарту жұмысы басталған еді. Бұл жұмысты жалғастырып жатырмыз, яғни Ақтөбеде, Шымкентте, Атырауда сапасыз білім беріп жатқан ЖОО-лардың лицензиясы жойылды. Осы жылдан бастап тиісті талаптар заңнамаға енгізілді. Биылдан ұлттық рейтинг енгізіледі, алғаш рет оны осы жылы жариялаймыз. Былтыр оны пилоттық форматта өткіздік, — деді Саясат Нұрбек депутаттар сауалына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, осы өзгерістерге жекеменшік университеттер үреймен қарайды.
— Осындай қадамға бардық. Енді мемлекеттік грант пен тапсырыс ұлттық рейтингпен ұштастырылады. Рейтингке ілікпеген, халықаралық форматта жұмыс істемейтін, инвестиция құймайтын, зертханалар құрмайтын университеттерге қаржыландыру мүлдем тоқтатылады. Сондықтан біртіндеп нарықтық ұстанымдар қосылады. Рейтинг мәліметтері ата-аналарға, талапкерлерге кеңінен таратылады, — деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, кейінгі бес жылда Қазақстанда 16 ЖОО жабылды.