Ұлттық жоба: Ауылдарда 96 медициналық нысанның құрылысы аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM – Ауылдарда 655 медициналық нысан салынады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлім етті.

Медицина
Фото: Kazinform

«Тұрғындар негізінен ауылдық жерлерде медициналық мекемелердің жеткіліксіздігі жөнінде сұрақтар көтерген. Жалпы ауыл азаматтарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында қазір 96 нысанның құрылысы аяқталды, 321 нысанның құрылысы жалғасып келеді. Жалпы олардың санын 655-ке дейін жеткізуді көздеп отырмыз», - деді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, аудандарда бірнеше өңірді қамтитын көпсалалы ауруханалар жаңғыртылып отыр. Облыстарда перинаталдық орталықтар салынып жатыр және республикада көлемінде жедел жәрдем жұмысын реттейтін әрі телемедициналық консультация беретін орталықтар, сондай-ақ ірі онкология орталықтары іске қосылып жатыр.

«Қазір бюджеттің тапшылығына қарамастан, бұл мақсаттарға Премьер-Министрдің тапсырмасымен бюджеттен және Үкімет резервінен тиісті қаражат бөлініп жатыр. Бұл бағыт менің жеке бақылауымда. Апта сайын әкімдіктердің жұмысын қадағалап отырмыз», - деді вице-премьер.

Соңғы жаңалықтар