Ұлттың жадын күмәнді деректермен улауға болмайды - Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл туралы ҚР Құрылтайының бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

у
Фото: Ақорда

- Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді. Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз. Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды. Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президенттің айтуынша, сондықтан жалпы әлем тарихына, басқа халықтардың тарихымен қатар, өз тарихымызға да үстірт және жеңіл-желпі, біржақты қарауға болмайды.

- Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын, - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Астанада Президенттің қатысуымен бірінші шақырылымдағы ҚР Құрылтайының бірінші сессиясы ашылды.