Ұлттық Банк 2017-2018 жылғы инфляцияға қатысты болжамын жария етті

Болжамдар мен бағалар негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша-кредит саясаты бойынша, оның ішінде базалық мөлшерлеме деңгейі бойынша шешімдер қабылдайды.
2017 жылғы 3 маусымда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі кезекті «2017 жылғы сәуір-мамыр» болжамдық раундын аяқтады. Болжам кезеңі 2017 жылғы 2-тоқсан - 2018 жылғы 4-тоқсан аралығы.
Негізгі сценарий ретінде бүкіл болжамдық кезеңде мұнай бағасының бір баррель үшін 50 АҚШ доллары деңгейінде болуы қарастырылады. Сыртқы инфляциялық ықпалды және сыртқы сұранысты бағалау айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған жоқ және тұтастай алғанда өткен болжамдық раундтың траекторияларына сәйкес келеді.
Ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты ретінде инфляция жылдық көрсеткіште баяулау үрдісін жалғастырады. Оған инфляциялық күтулердің тұрақтануы, ішкі ақша және валюта нарығында ахуалдың болжамдылығының сақталуы ықпал етеді. Соңғы бірнеше ай бойы байқалып отырған азық-түліктің, атап айтқанда көкөніс пен еттің белгілі бір түрлеріне деген ұсыныс күйзелісі азық-түлік инфляциясында айтарлықтай өзгерістерді туындатпай, азық-түлікке деген әлемдік баға индексінің үш ай қатарынан төмендеуімен ішінара өтелді. Жазғы айларда азық-түлік тауарлары ішкі ұсынысының күтіліп отырған маусымдық өсуі, бағалау бойынша 2017 жылғы 3-тоқсанның соңына дейінгі кезеңде жылдық инфляцияның бұдан әрі баяулауына ықпал етеді. Оған қоса, ағымдағы жылдың соңына қарай 2016 жылғы 4-тоқсанның төмен базасы салдарынан жылдық инфляцияның шамалы көтерілуі ықтимал, алайда бұл әсердің ықпалы қысқа мерзімді болады, 2018 жылы Ұлттық Банктің бағалауы бойынша жылдық инфляцияның төмендеуі жалғасады. Қазақстанда 2017 жылы болжамға сәйкес жылдық инфляция нысаналы 6-8%-дық дәліз шегінде болады, 2018 жылы нысаналы 5-7%-дық дәлізге бірте-бірте кіре бастайды.
Инфляцияның негізгі тәуекелдері азық-түлік нарығындағы ұсыныстың тоқырауымен, өңдеуші өнеркәсіптің өндіруші кәсіпорындары бағасының өсуімен, теңгенің негізгі сауда әріптестердің валюталарына қатысты құнсыздануымен байланысты. Бір баррель үшін 40 АҚШ доллары болатын сценарий іске асырылған жағдайда жылдық инфляция 2017 жылы нысаналы дәлізден асады деген тәуекел ұлғаяды.
Экономикалық өсу қарқыны 2017 жылы 2,8%-ға дейін (алдыңғы болжамдық раунд 2,2%) және 2018 жылы 3,6%-ға дейін жеделдетіледі. Өсу қарқынын қайта қарау 2017 жылғы 1 тоқсандағы Қазақстан экономикасының қалпына келуінің күтпеген жоғары қарқынына байланысты. Алдыңғы болжамдық раундта 2017 жылы ішкі сұраныстың бір қалыпты өсу қарқыны және 2018 жылы оның жеделдетілуі күтілген. Бұл ретте 2017 жылдың басында экономикалық белсенділіктің қалпына келуінің барынша сенімді қарқыны байқалады: өндіріс көлемдерінің өсуі экономиканың барлық негізгі салаларында байқалды, негізгі капиталға инвестициялардың өсуі сақталды, 2015 жылғы қарашадан бастап алғаш рет халықтың нақты ақша табыстары өсуді көрсетіп отыр. Өз кезегінде, ішкі экономикалық белсенділіктің қалпына келуі импорттың өсуіне апарды. Осылайша, 2017 жылдың жоғары базасы 2018 жылы ІЖӨ-нің өсу қарқынын қайта қарауға ықпал етті.
Бұл ретте болжам жасалған кезеңде экономикалық өсудің алғышарттары өзгерген жоқ, оларға сәйкес нақты жалақының көтерілуі, негізгі капиталға инвестицияның өсуі, минералды ресурстарды өндіру және шығару көлемінің өсуі аясында ішкі тұтынудың өсуі күтіледі. Ішкі сұраныстың кеңеюі нәтижесінде тұтынушылық және инвестициялық тауарлар импортының өсуі ІЖӨ өсуін тежейтін фактор ретінде болады. 2018 жылы нақты ІЖӨ экономикадағы инфляциялық қысымды күшейте отырып, өзінің әлеуетті мәнінен жоғары болады.
«2017 жылғы сәуір-мамыр» болжамдық раундының нәтижелері бойынша барынша толығырақ ақпарат Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сайтында 2017 жылғы 1-тоқсанның «Инфляцияға шолуында» жарияланады.
Дереккөзі: ҚР ҰЭМ Статистика комитеті
Есептеулер: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі