Ұлттық банк валюталық интервенцияға наурызда 1 млрд долларға жуық бағыттады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Наурыз айында Ұлттық банк 990,5 млн АҚШ долларына валюталық интервенция жүргізді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Спикер наурыз айында валюта нарығындағы жағдайға, интервенциялар мен теңге бағамына әсер еткен негізгі факторлар туралы айтып берді.

«Бір ай ішінде теңгенің айырбастау бағамы сыртқы нарықтардағы құбылмалылықты көрсете отырып әлсіреу, сол сияқты нығаю жағына қарай қозғалысқа ұшырады. Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қақтығыстың күшеюі және дамушы нарықтардың валюталары мен активтерінің жаһандық әлсіреуі теңгеге қысым көрсетті. Айдың ортасында теңге бағамы биржалық сауда-саттықта 1 АҚШ доллары үшін 512,17 теңге белгісіне жетті.

Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және теңге бағамын тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау үшін валюта нарығын тұрақтандыру бойынша бірқатар шара қабылданды. 9 наурызда Қазақстан қор биржасында доллар-теңге жұбы бойынша сауда-саттық франкфурттық аукцион нысанында өткізілді. Жалпы алғанда, наурызда Ұлттық банк 990,5 млн АҚШ долларына валюталық интервенция жүргізді. Ұлттық қордан бюджетке 891 млн АҚШ доллары мөлшерінде трансферттерді жүзеге асыру үшін сату, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 233,4 млн АҚШ доллары мөлшерінде валюталық түсімнің бір бөлігін сатуы теңгеге қолдау көрсетті», - деді Ә.Молдабекова.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлттық банк айырбастау пунктері арқылы шетел валютасын сату-сатып алу бағамдарының ауытқу шегін белгіледі. Атап айтқанда, ауытқу АҚШ доллары үшін – 6 теңгеден 15 теңгеге дейін, еуро үшін – 7 теңгеден 20 теңгеге дейін кеңейтілді. Бұл бұйрық 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады.

Бұдан бөлек, алыпсатарлық сұраныстың қысымын төмендету, елден шетел валютасының шамадан тыс әкетілуін бақылау бойынша шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, Президент Жарлығымен Қазақстаннан 10 000 доллардан көп қолма-қол шетел валютасын сыртқа шығаруға шектеу енгізілді.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде және геосаяси шиеленістің салыстырмалы түрде төмендеуіне қарай теңге бағамы шығынның едәуір бөлігін қайтарды және бір айда 5,7% нығайып, айдың соңына қарай 467 болды.

Сәуірдің басынан бастап теңге бағамы экспорттаушылар тарапынан сату және халық тарапынан шетел валютасына сұраныстың төмендеуі аясында нығая түсіп, қазір 459,76 (7 сәуірде) деңгейінде саудаланып отыр», - деді спикер.


Соңғы жаңалықтар