Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Facebook-қа тіркелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Facebook әлеуметтік желісінде жеке парақшасын ашты, деп хабарлайды ведомство баспасөз хатшысы Самал Ибраева.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Facebook-қа тіркелді

«Министр парақшасын өзі жүргізеді және Қазақстанда, әлемдік экономикада болып жатқан процестерге қатысты пікірімен бөлісіп отырады. Сондай-ақ, экономика саласына қызығушылығы бар сарапшыларға, мамандарға және қарапайым адамдарға жүзеге асырылып жатқан және жүзеге асырылуы жоспарланып отырған жобалар жайлы ақпарат беріп отырмақ», - дейді баспасөз хатшысы.

 Ведомство басшысының айтуынша, ол өзін әлеуметтік желілерден аулақ ұстамай, керісінше кейбір әріптестері - министрлік басшылары секілді бұл үдеріске атсалыспақ болған.

«Мен бұған дейінгі сұхбаттарымның бірінде атап өткенімдей, ҚР Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік желілерде, сондай-ақ осы Фейсбукте белсенді жұмыс істейді. Біз өз парақшамызда маңызды жаңалықтарды, деректерді барынша тез жариялауға, сұрақтарға жауап беруге және қажетті пікірді білдіруге тырысамыз», - деп жазды Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ, министр парақшасын өзі жүргізетінін, уақыт тапшы болып қалған кездері кей сұрақтарға уақтылы жауап берілмей жатса, ведомствоның ресми сайтында (www.economy.gov.kz) жеке блогы әрдайым ашық тұратынын еске салып өтті.