Ұлттық комиссия: Рухани жаңғыру бағдарламасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы ұстанымдармен толығады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Президент Әкімшілігінің Басшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық комиссия: Рухани жаңғыру бағдарламасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы ұстанымдармен толығады

Отырыста Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа бағдарламалық мақаласында көтерілген жаңа жобаларын іске асыру жайы талқыланды.

Отырысты ашқан Әсет Исекешев Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа бағдарламалық мақаласының ерекше маңызына тоқталып, оны тез арада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалпы ұстанымдары арнасында практикалық толықтыру қажеттігін баса атап өтті.

«Мемлекет басшысының мақаласында ұсынылған жобалар - «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы. Сондықтан жаңа бағдарламаны іске асыру жұмысын үйлестіру Ұлттық комиссия аясында ұйымдастырылатын болады», - деп атап өтті Ә.Исекешев.

Жиында В.Божко, С.Көшкімбаев, Б.Әбдіғалиұлы, Д.Кәлетаев, А.Мұхамедиұлы және Ж.Түймебаев баяндама жасады.

Талқылау қорытындысы бойынша Ұлттық комиссияның төрағасы Үкіметке «Ұлы даланың жеті қыры»мақаласының өзекті міндеттерін ескере отырып 2019-2020 жылдарға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірыңғай іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және  қабылдауды тапсырды.

Министрліктер мен өңірлер басшыларына «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Ұлы даланың ежелгі өнері және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» және т.б. жаңа жобаларды іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.