Ұлы Жеңіс: Германияда қаза тапқан Б.Жүсіпбаевтің бейітін ұрпақтары 70 жылдан кейін тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тұрғыны Тұрғанай Жүсіпбаева әкесі Бәкір Жүсіпбаев майданға аттанғанда анасының ішінде небәрі жеті айлық нәресте болатын. Өмірге шыр етіп келгенде, әкесі қолына алып, құшырлана сүйе де алмады. Себебі ол кезде сұм соғыс өзінің шырқау шегіне жетіп, Ұлы Отан соғысының ең ауыр кескілескен ұрыстары енді басталып жатқан шақ еді...

Ұлы Жеңіс: Германияда қаза тапқан Б.Жүсіпбаевтің бейітін ұрпақтары 70 жылдан кейін тапты

Қызылорда облысының тумасы Бәкір Жүсіпбаев қан майданға 1943 жылы аттанып, Украина, Беларусь, Польша үшін болған шайқастарға, Германия жеріндегі алғашқы майдандарға қатысты. Тумысынан сөзге де, іске де берік Бәкір майданда да асқан шебер ұйымдастырушы қабілетімен көзге түсіп, қатардағы жауынгерден взвод командиріне дейін көтеріледі. Өзінің қол астындағы жауынгерлерді талай мәрте өзі бастап, кеудесін оққа тосқан Бәкір ата үш мәрте жараланған екен. Дегенмен жазылар-жазылмастан, соғысқа қайта аттанып отырды. Ел намысын, ұлт мүддесін биік ұстаған арда ердің, қазақтың батыр ұлының ісі осындай болса керек...

Отан үшін от кешкен Бәкір Жүсіпбаевтың ғұмыры 1945 жылдың 27 наурызында, Ұлы Жеңіске 40 күн қалғанда қиылып, туған қызын құшпастан, Германияның Рейтвейн елдімекенінде ерен ер қапыда қара жермен қауышты.

«1945 жылдың 24 наурызына дейін хаттар үздіксіз келіп тұрған», - деп еске алады Тұрғанай апа. - Кейін хаттар күрт тыйылғанда, үйіміздің іші бір қайғының болғанын сездік. Себебі әкем, қолы қалт еткен кезде майданнан хат жіберуді еш ұмытпайтын. Елге, туыстарына деген сағынышын солай басатындай көрінетін. Біз де оның хатын ерекше күтетінбіз...».

1943 жылы армияға алынған Бәкір бірден қан майданға аттандырылады. Елдің батыс бөлігін, Украин жерін неміс басқыншыларынан азат ету керек болды. Сол жорықта КСРО әскері жаудың шебін шегеріп, біраз елдімекендерді босатқан. Ал 1944 жылы кіші лейтенант атағын алып, взвод командирі атанған Бәкір ата өз хаттарында Беларусь еліне кіргенін жазады. «1944 жылдың тамыз айы, біз Минскіге кірдік», - делінген хаттардың бірінде. Төрт айдан соң оның дивизиясы Польшаның Люблин қаласына енеді. Өз хаттарында жауынгер Бәкір Жүсіпбаев Польшадағы соғыста қиян-кескі ұрыс болғанын баяндайды. «Әрбір көше, әрбір үй үшін кескілескен ұрыс жүріп жатыр. Солдаттардан шығын көп, бірақ кеңес әскері мойымайды, жаудың бетін асқан ерлікпен түріп тастауда», - деп жазды ол.

Бәкір ата өз хаттарында Кеңес әскерінің әрбір қадамын жазуға тырысады. Мүмкін елдің азат етілуі алыс емес, жеңіс біздің еншімізде болатынын жеткізу арқылы көңілі уайымға толы халыққа медеу бермек те болған шығар.

«1945 жылдың 21 қаңтары, госпитальдан шықтым. Суретімді салып отырмын, үлкейтіп қоярсыздар», - дейді енді бір хабарында әлденебір жамандықтың жақындағанын сезгендей.

1945 жылдың 10 наурызында келген хатында суыт күдік тағы білінеді: «Фашистерді өз босағасында жаншып тастау үшін аттанып барамын, бұл соңғы шайқас болса керек. Жуковтың командованиесі. Одер жағасы бойындамын». Қарап отырсақ, жауынгерлер бұл шайқастың соңы үлкен шығынмен аяқталатынын сезген де, білген де болуы мүмкін.

«Мен аманмын, фашистерді жеңеміз, оған сенімдімін», - дейді 1945 жылдың 22 наурызында кескілескен соғыстан аман қалған Б.Жүсіпбаев.

Ал 24 наурызда жазған өзінің ең соңғы хатын взвод командирі Бәкір Жүсіпбаев мынадай сөздермен аяқтайды: «Майданның жеңістері жалғасуда, ақ жол болсын елге, аман-сау оралуға жазсын деп тілеймін». Дегенмен... оған аман-есен оралу маңдайға жазбапты... Соғыстың аяқталуына 40 күн қалғанда, 1945 жылдың 27 наурызында ол оққа ұшып, Рейтвейн поселкесінің қасынан өтетін Одер өзені маңында жантәсілім етеді. Ал 1945 жылдың 1 мамырында Рейхстаг басына Кеңес Одағының қызыл туы тігіледі...

Содан бері әкесінің жүзін өмірінде көрмеген Тұрғанай апа жан тыныштығын таппай әкесінің қабірін іздеумен өтіп келеді.

«Сол хаттар арқылы әкемді іздестірумен болып келемін. 1977 жылы Қызыл Крест қоғамынан төмендегідей хабар келді: «1908 жылы туған Жүсіпбаев Бәкір. Қызметі - Гвардиялық атқыштар дивизиясының №79 гвардиялық атқыштар полкінің №220 атқыштар взводының командирі. 1945 жылы 27 наурызда қаза тапты, Германия. Бранденбург провинциясы Рейтвейн поселкесі. Бірақ оның қай жерде жерленгені белгісіз болатын», - дейді Тұрғанай апа.

Тек бір жыл бұрын «Фронтовик» порталынан мынадай бір қызық деректер табылады. Онда: «Рейтвейн поселкесінде Кеңес Одағының бауырластар қабірінде жерленген кеңестік жауынгерлердің тізімі. Барлығы - 3 000 жауынгер, олардың тек 719-ының аттары белгілі. Мұнда Юсупбаев Бакир жерленген», - деген сөздер бар. Германияда Рейтвейн ауылындағы ескерткіште Бәкір батырдың есімі тұр екен.

«Әкем хаттарды үздіксіз жазып отырды. Бізге қатты алаңдап жүрді. Сондықтан да болар өзінің жауынгерлік ерліктері туралы, соғыстағы болған ауыртпалықтарды жаза бермейтін. Үш рет жараланғанын да айтпапты. Екі рет Украинада, бір рет Польшада жараланған. Иә, соғыста денесі үш рет жараланса да, жазылысымен көп кешікпей қан майданға қайтадан шығып отырған. Ол өмірі қиылғанға дейін хаттарды жазуын тоқтатпаған еді. Ауыр айқастан кейін, сәл тыныштық орнағанда қолы қалт етсе, окопта жатып, хат жазатын. Майданнан ол кезде хат уақытында жететін. Соғыс кезінде пошта қызметінің жанқиярлығы таңқалдырады. Ол взвод командирі болды және өзінің жауынгерлерімен бірге Бранденбург түбінде Одер өзенінде болған алапат шайқаста көз жұмды», - деп еске алады батырдың қызы.

«Күйеуінен жиырма жасында қол үзіп қалған Зинекүл анам әкемнің жоқтығын білдіртпей, жоқшылықты көрсетпей өсірді. Қолынан іс келетін, өте шебер кісі еді. Қызылорда облысы Жалағаш аудандық тұрмыс комбинатында ұзақ жылдар бойы тігінші болып қызмет істеді. Сол кездері социалистік жарыстардың үздігі болып, бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің құрмет грамоталарымен марапатталған. Газет бетіне де жиі шығарып тұратын. Анам соғыс кезінде майдан үшін жылы киімдер тігіп, таңды таңға жалғап, еңбек еткендерін жиі еске алушы еді. Бейбіт күндері өзінің немерелеріне «жалқау болмаңдар, еңбек етіңдер, таза, адал еңбек қана адамға несібе болады» деп отыратын», - дейді Тұрғанай апа.

Тұрғанай апайдың бұл өмірде тек жалғыз арманының орындалмай қала ма деген күдік-сезігі күні-түні маза бермейтін көрінеді. Ол - әкесінің қабіріне туған жердің бір уыс топырағын салып қайту. Әке жылуын сезінбесе де, ерлікпен қаза болар алдында жазған хаттарын оқып, оның жылуын алуға тырысатын. Бала жастан адамдардан теперіш көрмесе де, тағдырдың тәлкегімен әкеден жетім қалған Тұрғанай апа бүгінде батырдың қабіріне туған жердің бір уыс топырағын жеткізуді жоспарлап отыр. Абырой болып жатса, Германияның Рейтвейн ауылына барып, әкесіне тағзым етуді арман етеді.

«Мен әкемнің жалғыз ұрпағымын, менен басқа баласы, туысқандары да жоқ. Қазір жасым 70-тен асты. Әкемнің жатқан жеріне немереммен бірге барып, топырақ салып қайтуыма Алла жәрдемін жасаса деген жалғыз тілегім ғана бар», - дейді Бәкір Жүсіпбаевтың соңғы тұяғы Тұрғанай әже.
null