Ұлыбритания «ЭКСПО-2017» көрмесіне зор үлес қосуға ниетті - баронесса Саида Варси
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропа елдері арасында бүгінде Қазақстанның маңызды саяси һәм экономикалық әріптесіне айналған елдердің бірі Ұлыбритания екендігі сөзсіз. Бүгінде екі елдің қарым-қатынасы стратегиялық серіктестер деңгейіне көтеріліп отыр. Осы ретте ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің аға мемлекеттік министрі баронесса Саида Варси ханым қазақстандық-ұлыбритандық қарым-қатынастардың кейбір даму қырларына қатысты өз пікірін білдірген болатын.
- Министр ханым, өткен жылғы британдық Премьер-Министрдің Қазақстанға тарихи сапарының Ұлыбритания мен Қазақстан Республикасының екіжақты қарым-қатынастарының одан ары дамуына ықпалын қалай бағалайсыз?
- Ең алдымен, бұл менің Қазақстанға бесінші сапарым екендігін атап өткім келеді. Алғаш рет мен 2011 жылы келген едім әрі сол кездерде-ақ біздер қазақстандық тараппен британдық Премьер-Министр Дэвид Кэмеронның сапарын ұйымдастыру мүмкіншіліктері мәселелерін талқылай бастағанбыз. Сондықтан да мен сапар орын алғанына қуанышты болдым. Бұл сапар біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін өте маңызды екендігі сөзсіз. Ол біздің өзара қарым-қатынастарымызды тереңдетіп, кеңейте түсті, оны сапалы жаңа деңгейге көтерді. Сапардың материалдық тұрғыда да нәтижелері бар. Атап айтқанда, екі ел компаниялары арасында жалпы сомасы 1,2 млрд. долларды құрайтын келісімшарттарға қол қойылды. Біз Қазақстанмен мұнай мен газ саласындағы дәстүрлі ынтымақтастықтан бастап «ЭКСПО-2017» көрмесі жобасын қоса алғанда түрлі жобаларды жүзеге асыруға бірлесе кірісудеміз. Әрине, саяси ынтымақтастықты да одан әрі жалғастыру өте маңызды екендігі анық. Жалпы, біздерде ел дамуының басымдықтарының бірі ретінде экономиканы ырықтандыру қарастырылады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда Қазақстанның дәл осы жолда мығым алға басып келе жатқандығын көру көңіл сүйсіндіреді.
- Батыс елдері арасында Ұлыбританияның исламдық қаржыландыруды дамытуда көш бастап келе жатқандығы мәлім. Мұның сыры неде әрі исламдық қаржыландырудың қазақстандық аудитория үшін қандай басымдықтарын атап бере аласыз?
- Өздеріңіз білетіндей, Ұлыбритания әлемнің қаржы астанасы болып саналады және исламдық қаржыландырудың біздің елімізде де болғандығын қалаймыз. Сондықтан да исламдық банкинг - бұл қаржыландырудың балама түрі. Біз Ұлыбритания мұсылмандық займның мемлекеттік облигацияларын шығаратын әлемдегі бірінші мұсылман емес ел болатындығын жария еттік.
Мен жаһандық исламдық қаржыландыру және инвестициялау жөніндегі топқа басшылық жасаймын және Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов мырза да осы топқа кіреді. Бұл топ исламдық қаржыландыруды әлемнің әртүрлі елдерінің экономикасын жемісті дамыту үшін қалай қолданып, дамытуға болатындығын зерделейді. Сіздердің Үкіметтеріңіз Алматыны Қазақстандағы исламдық қаржыландыру орталығына айналдыруды мақсат тұтып отыр және біздер бұл жобаны жүзеге асыру мүмкіншіліктерін талқылаудамыз. Жалпы, әлемде көптеген адамдар түрлі елдердегі өндіріс ошақтарына инвестиция құюға ынталы. Бірақ, олар мұны шариғат заңына қайшы келмейтін ережелермен жүзеге асырғылары келеді. Сондықтан да біздер аталған адамдардың өз қаржыларын Ұлыбританияның да экономикасына салғанын қалаймыз.
Бұл ретте аталған инвесторлар үшін қаржыларын қандай елге салғандығы маңызды емес. Ең бастысы шариғат ережесі сақталса болғаны. Ол авто жол, темір жол не болмаса вокзал мен басқа да жобалар құрылысы болуының еш маңыздылығы жоқ. Яғни, алкоголь сусындары, шылым өндірісімен, құмар ойындармен байланысты болмауы тиіс.
- Сіздің ойыңызша, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу Қазақстанға қандай пайда әкеледі? Бұл көрме нысандарының құрылысына британдық компаниялар қатысуға ниет танытып отыр ма?
- Мен бұл көрмені өткізу құқығын Қазақ елінің жеңіп алғандығына қуаныштымын. Өйткені, ол бүкіл әлемге өзінің барлық жетістіктеріңді көрсетудің бірегей мүмкіншілігі екендігі сөзсіз. Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінде Қазақстан өзіндік даралығы мен ерекшелігін паш етер болса, онда бұл шараның табысты өтетіндігіне күмән жоқ. Келген адамдар Қазақстанның тек қана экономикалық жетістіктерін көрмеуі тиіс. Олар бұл елдің қонақжайлығын, онда тұрып жатқан адамдардың ерекшеліктерін сезініп, жағымды әсерде қайтуы қажет. Сонымен қатар барша қазақстандық бұл көрмеге өздерінің де қатысы бар екендігін, ұйымдастырушылардың бірі екендіктерін сезінуі тиіс.
Әрине, бұл көрмеге біздің де компаниялар қатысатын болады. Британдық «AEDAS» компаниясы қазірдің өзінде «Жасыл орам - EXPO Village» құрылысын салу үшін тендер ұтып алды. Біз өз тәжірибемізбен шын көңілден бөлісетін боламыз. Ұлыбритания «ЭКСПО-2017» көрмесіне айтарлықтай зор үлеспен қатысқымыз келеді.
- Сұхбатыңызға рахмет!