Ұлыбритания Сыртқы істер министрі алғаш рет Қазақстанға ресми сапармен келді
«Бүгін Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джеймс Клеверлидің Астанаға алғашқы ресми сапары басталды. Министр мырза, сіз бастаған өкілетті делегацияға «Қазақстанға қош келдіңіздер» деймін. Мемлекет басшысы және Премьер-Министрдің Джеймс Клеверлимен кездесуі Қазақстан-Британ қарым-қатынасына жаңа серпін беретініне сенімдімін», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко ресми кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазақ-британ қарым-қатынасы жалғасын тауып, әріптестік жаңа мазмұнға ие болмақ.
«Бүгінгі кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы саяси диалогты дамытудың және ынтымақтастықтың барлық кешенін, әсіресе экономикалық және инвестициялық саладағы әріптестікті жандандыру маңызды. Ұлыбританиямен ынтымақтастық– көпвекторлы сыртқы саясатымыздың басым тұстарының бірі. Отыз жылдан астам дипломатиялық қатынастар барысында екі ел арасында жоғары деңгейлі стратегиялық әріптестікке қол жеткізілді», - дейді министр орынбасары.
Еске салсақ, бұған дейін ҚазАқпарат тілшісі мәртебелі мейманның сапарынан не күтуге болатынын және Қазақстан-Ұлыбритания арасындағы өзара ынтымақтастықтың қандай деңгейде екенін бағдарлап көрген еді.