Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің сапары: Екі ел үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңі

ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Қазақстан үшін маңызды саяси оқиға - еліміздің мемлекеттік институттарын қайта жаңғыртудың қорытынды кезеңі саналатын Мәжіліс пен мәслихат сайлауы қарсаңында - 17-18 наурызда Астанаға Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли келеді. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі мәртебелі мейманның сапарынан не күтуге болатынын және Қазақстан-Ұлыбритания арасындағы өзара ынтымақтастықтың қандай деңгейде екенін бағдарлап көрді.
None
Фото: vanguardiadelpueblo.do

Сенімге негізделген тығыз саяси диалог

Бұл Джеймс Клеверлидің тек Қазақстанға ғана емес, сонымен қатар Орталық Азияға жасағалы отырған алғашқы сапары. Айта кетейік, Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлері біздің елге жиырма жылға жуық уақыт келмеген еді. Астанаға соңғы рет 2004 жылы Джек Стро сапар жасады.

Фото: wikipedia.org


Джеймс Клеверлиді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-Министр Әлихан Смайылов қабылдайды. Сондай-ақ ол қазақстандық сыртқы саяси ведомствосының басшылығымен кездеседі.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, сапар аясында елорда саябақтарының бірінде II Елизавета атындағы скверді ашу жоспарлануда.

Былтыр желтоқсанда еліміздің сыртқы саяси ведомствосының басшысы Лондонда Джеймс Клеверлимен келіссөз жүргізді. Бұл кездесу нәтижелі болды.

«Қазақстан еліміздің Орталық Азия өңіріндегі аса маңызды және сенімді серіктесі. Біз, Ұлыбритания-Қазақстан тараптары өзара іс-қимылды әртараптандыру үшін қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдалануға дайынбыз», - деген еді Джеймс Клеверли еліміздің Сыртқы істер министрімен кездесу кезінде.

Өз кезегінде Мұхтар Тілеуберді Астана мен Лондон арасындағы өзара сенімнің жоғары деңгейін және тығыз саяси диалог қалыптасқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл – түрлі салалар бойынша әріптестікті тереңдете түсуге ықпал етеді.

Фото: gov.kz


Белгіленген уақыттан бірнеше сағатқа созылған Ұлыбритания астанасындағы келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ұлыбританияның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары бірлескен мәлімдеме жасады.

«Екі елдің ауқымды халықаралық байланыстары мен міндеттемелерін назарға ала отырып, бірлескен мәлімдемеде көрсетілген Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған тағы бір нақты қадам болғаны қуантады», - деп аталған мәлімдемеге пікір білдірді Британ-қазақстандық қоғамның директоры Дэвид Скилс.

Оның айтуынша, Ұлыбритания 30 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанмен тығыз дипломатиялық қарым-қатынаста болды. Соның негізінде елдер сауда, технологиялар трансферті, білім беру, қауіпсіздік және инвестициялар салаларында өзара ынтымақтастыққа негізделген жұмыстардың жемісін көрді.


«Екі ел де қызығушылық танытатын және оларға пайда әкелетін бұл қарым-қатынастарды 2023 жылы одан әрі нығайту жоспарлануда», - деп пікір қосты Дэвид Скиллс.

Мемлекет басшысының реформаларына көрсетілген қолдау

Ұлыбритания Әділетті Қазақстанды құру мақсатында елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды қолдайтынын ашық мәлімдеді.

«Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Қазақстанда жүргізіліп жатқан әділ мемлекет, әділ экономика және әділ қоғам құруға бағытталған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға қолдау білдірді», - деп атап өтті Мұхтар Тілеуберді мен Джеймс Клеверли бірлескен мәлімдемесінде.

Фото: gov.kz


Британдық «Henry Jackson Society» талдау орталығының зерттеушісі Степан Степаненко ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған демократиялық реформалар бүкіл Орталық Азия үшін көптен күткен оқиға екенін және ол Лондонда жоғары бағаланғанын жеткізді.

«Ұлыбритания Қазақстандағы демократиялық жаңғыруды және қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқан реформаларды құптайды. Жақында өткен Президент сайлауының нәтижелерін де мойындайды. Сондай-ақ, Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарың одан әрі ілгерілеуін қалайды», - деп тоқталды Степан Степаненко.

Сауда, инвестиция мен гуманитарлық ынтымақтастық - серіктестік негізі

Ұлыбритания тауар айналымы көлемі бойынша Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің ондығына енеді. Сонымен қатар бұл мемлекет біздің елдегі ең ірі алты инвестордың бірі саналады.

«Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы өзара тауар айналымының жалпы көлемі 2021 жылғы шілдеден 2022 жылғы маусымға дейін 2,3 млрд фунт стерлингті құрады. Бұл 2020 жылдың шілдесінен 2021 жылдың маусымына дейінгі кезеңмен салыстырғанда 63,3%-ға артық», - деп мәлім етті Ұлыбританияның халықаралық сауда министрлігінен.

Қазақстан экономикасының барлық салаларында британдық капиталмен жұмыс істейтін 600-ден астам компания тіркелген. Ал «Royal Dutch Shell» және «Ernst&Young» сияқты алпауыт кәсіпорындардың өкілдері ҚР Президенті төрағалық ететін Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері.

Әрине, екіжақты сауданы дамытуға және инвестициялар көлемінің ұлғаюына Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық келісімі айрықша серпін береді. Тараптар бұл төңіректегі уағдаластыққа таяу болашақта қол қоюға ниетті.

Лондонда Джеймс Клеверлимен кездескеннен кейін ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ҚазАқпарат тілшісіне жаңа келісім құжатының басым бағыттарының бірі гуманитарлық ынтымақтастық екенін айтты.

«Мәдени-гуманитарлық тұрғыда техникалық мамандықтар бойынша білім беруді күшейту туралы біздің Президентіміз жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға ниеттіміз. Өйткені, Ұлыбритания бұл тұрғыда озық ел екені белгілі. Лондондағы кездесу барысында біз Британдық техникалық университеттердің филиалдарын ашу мүмкіндігін, сондай-ақ қазақстандық студенттерді Ұлыбританияда көбірек оқыту мәселелерін талқыладық», - деді Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.


Өз кезегінде Қазақстан тарапы Ұлыбритания жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл біздің мемлекетке 2 млрд халқы бар көрші өңірлерден жастарды тартуға арналған академиялық хаб құруға септігін тигізбек.

Аса маңызды пайдалы қазбалар мен өзара серіктестіктің өзге де салалары

Дәстүрлі сауда-саттық тауарларынан бөлек, тараптар серіктестігінің перспективалы бағыты - маңызды пайдалы қазба байлықтарды бірлесіп өндіріп, өңдеу. Себебі, бүгінде Ұлыбритания өнеркәсібінде аталған жерасты байлықтарының тапшылығы байқалады.

Маңызды пайдалы қазба байлықтарға заманауи технологияларда қолданылатын металдар мен сирек элементтер кіреді. Өйткені, ол елді экономикалық тұрғыдан өркендету үшін аса маңызды.

«Геосаяси өзгерістер кейбір жаңа секторларды алдыңғы қатарға шығарады. АҚШ пен ЕО бұған дейін Орталық Азияны аса тапшы материалдар қоры тұрғысынан стратегиялық маңызды деп санамаған. Дегенмен қазір бұл көзқарас өзгеруде», - деді Британдық «Chatham House» халықаралық қатынастар институтының ғылыми қызметкері Аннет Бор.

«Қазақстан қазірдің өзінде Еуропалық одаққа аса қажет 16 түрлі минералмен қамтамасыз ете алатынын мәлімдеді. Ал болашақта барлық тапшы 30 минералды жеткізуге әзір екенін жеткізді. Сондықтан жақында ЕО Қазақстанмен электр батареялары мен жаңартылатын сутекті қамтитын шикізатты тұрақты жеткізуге арналған бағдарлама құрды», - деп қосты «Chatham House» қызметкері.

Джеймс Клеверли бәлкім Қазақстаннан Менделеев кестесіндегі 99 элементтің анықталғанын, барлау нәтижесінде қазба байлықтардың 70-ке жуық қоры табылғанын және оның алпыстан астамы өндіріске қойылғанын білетін шығар. Біздің ел Еуропаға аса маңызды минералдарды тұрақты жеткізуге қауқарлы.

Маңызды пайдалы қазбалардан басқа, ауыл шаруашылығын бірлесіп дамыту, «жасыл» сутегін өндіру жөніндегі жобаларды іске асыру, еліміздің экспорттық әлеуетін кеңейту және өзге де салалар әріптестіктің басым бағыттары болары сөзссіз.

Қорытындылай келе, Джеймс Клеверлидің Қазақстанға сапары ресми Астана мен Лондон арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа жаңа серпін берері сөзсіз.


Соңғы жаңалықтар