Ұлыбританияның ірі компаниясы «Астана» ХҚО-мен ынтымақтастыққа мүдделік танытуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов жұмыс сапарымен Лондонда жүр.
Сапар аясында Қ.Келімбетов бірқатар британдық үкіметтік құрылымның, инвестициялық компаниялардың және халықаралық қаржы ұйымдарының басшыларымен, оның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкі президенті Сума Чакрабартимен, Лондон қаласының бұрынғы лорд-мэрі Дэвид Вуттонмен, Innovate Finance, Clifford Chance, Boston Consulting Group, UBS, Morgan Stanley, JPMorgan сынды компаниялардың жетекшілері бар.
Кездесу барысында Қ.Келімбетов британдық серіктестеріне «Астана» халықаралық қаржы орталығы жайында ақпарат беріп, оның мақсаты мен міндеттері, қызметінің басым бағыттары жайында тарқата айтып берді. Орталықтың ағылшындық құқық жүйесіне негізделген ерекше құқықтық режімі бар еркін сауда аймағы болатындығы, ал оның қызметі әлемдік жетекші қаржы орталықтарының тәжірибесіне арқа сүйейтіндігі баса айтылды.
Британдық бизнес қоғамдастық басшылығы ағылшын құқығы ұстанымдары негізіндегі нормативтік-құқықтық база құру, инвестиция тарту, активтер мен капиталдарды басқару, халықаралық арбитраждық орталықты құру және дамыту, халықаралық деңгейдегі мамандарды дайындау салаларына барынша қызығушылық танытты.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің атап өтуінше, бұл сапар аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі - еліміздің Ұлыбританиядағы Елшілігі ұйымдастырған «Астана» халықаралық қаржы орталығына арналған форум болды. Шара барысында Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ержан Қазыханов сөз сөйлеп, аталған орталықтың еліміздің өршіл жобаларының бірі екендігіне, Орталық Азияның қаржылық хабына айналуға әрі әлемнің үздік қаржы орталықтарының 20-лығына кіруге ұмтылатындығына баса назар аударды.
Өз кезегінде Қ.Келімбетов «Астана» ХҚО Қазақстан экономикасына шетелдік инвестиция тарту үшін жайлы қаржылық орта құру мақсатындағы Елбасы Н.Назарбаевтың «5 институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарына сай келетіндігін баса айтты. Орталық қызметі Дубайда, Нью-Йоркте, Лондонда, Гонконг пен Сингапурда орналасқан үздік қаржы орталықтары үлгісінде дамитындығын атап өтті.
Форум жұмысына қатысқан компания басшылары «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне қызығушылық танытып, ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.
Шара барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту жөніндегі өзара түсіністік меморандумына АХҚО, ЕҚДБ және The City UK корпорациясы басшысы қол қойды.
Айта кетерлігі, Қ.Келімбетов өз сапары аясында Ұлыбританияда білім алып жатқан қазақстандық студенттермен де кездесті. Кездесу барысында ол студенттерге халықаралық қаржы орталығының мақсаттары мен міндеттерін түсіндіріп, орталықтың алдағы жоспарларымен бөлісті.