Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Үндістандық компания Павлодарда жаңа облыстық аурухана салып бермек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда үндістандық компанияның атсалысуымен облыстық жаңа аурухана салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Үндістандық компания Павлодарда жаңа облыстық аурухана салып бермек

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде  «2016 жылы Қазақстанның 2016-2020 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру» тақырыбында өткен баспасөз конференциясы барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Оразалин мәлім етті.

«Аймақ басшысы инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында Үндістан елінің өкілдерімен кездескен болатын. Қазіргі таңда нысанның құрылысына жер телімін бөлу мәселесі қарастырылуда. Шетелдіктер біздің өңірде медициналық мекеме салуға ниет білдіріп отыр. Сәйкесінше, өз құрал-жабдықтары мен мамандарын ұсынатын болады. Облыстық аурухананың тозығы жеткені белгілі. Сондықтан шамамен 500 орындық стационар бой көтереді», - дейді Нұрлан Оразалин.

Мемлекеттік жеке меншік серіктестік жобасы нәтижесінде Екібастұзда инсульт орталығы және Павлодарда № 1 қалалық аурухана компьютерлік томографиямен жабдықталады. Сондай-ақ, Кенжекөл және Павлодарское ауылдарында салынатын дәрігерлік амбулаторияларды инвестициялық жобалар бойынша сенімгерлік басқаруға тапсыру ұсынылады.

Еске сала кетейік, мемлекеттік жеке меншік серіктестік аясында «Shapoorji Pallonji» Үнді компаниясымен құны 50 млрд теңге тұратын 500 орындық аурухананың құрылысы бойынша меморандумға қол қойылған.