Үндістан билігі Meta компаниясына ескерту жолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның Электроника және ақпараттық технологиялар министрлігі Instagram иесі — Meta компаниясына балаларды жыныстық тұрғыдан қанауға «итермелейді» делінген ақылы жарнамаларды алып тастауды талап ететін хабарлама жолдады. Бұл туралы Анадолы агенттігі хабарлады.

Инстаграм
Фото: Digital Business.kz

Үндістанның NDTV жаңалықтар арнасының хабарлауынша, министрліктің аты-жөні аталмаған өкілі осы мәселеге қатысты мәлімдеме жасады.

Ресми өкіл министрліктің Instagram әлеуметтік желісіндегі ақылы жарнамаларда балаларды қанауға қатысты мазмұнның пайда болуына байланысты Meta компаниясына хабарлама жібергенін мәлімдеді.

Хабарламаға сәйкес, министрлік Meta компаниясынан балаларды қанауға қатысты материалдарды қамтитын Instagram жарнамаларын алып тастауды және 7 күн ішінде егжей-тегжейлі жауап беруді талап етті.

Meta өкілі BBC-ге берген пікірінде компанияның балаларды жыныстық қанауға және оларға қатысты зорлық-зомбылық материалдарын таратуға «мүлде төзбейтінін» айтты.

Компания өкілінің сөзінше, контент пен жеке деректерге қатысты заңбұзушылықтар жасанды интеллектінің озық технологиялары арқылы анықталады. Сондай-ақ Meta «3,5 миллиард пайдаланушының арасында жасырынған қылмыскерлермен күресіп жатқанын» мәлімдеді.

Үндістанда 2012 жылы қабылданған заңдарға сәйкес, егер Meta бұл іске қатысты сұралған ақпаратты ұсынбаса, оған қарсы сот ісі басталуы мүмкін.

BBC жүргізген зерттеу барысында Instagram Үндістанда балаларды жыныстық қанауға «ынталандыратын» ақылы жарнамаларды жариялағаны анықталды.

Айта кетейік, Үндістанда NEET-UG 2026 емтиханын қайта тапсыруға байланысты Telegram жұмысына шектеу қойылды.