Үндістанда көпір опырылып, 9 адам қаза тапты

АСТАНА.KAZINFORM - Үндістанның Гуджарат штатындағы Вадодара ауданында көпірдің бір бөлігі опырылып, 9 адам қаза тауып, бірнеше көлік өзенге құлады, деп хабарлайды NDTV.

Үндістанда көпір опырылып, 9 адам қаза тапты
Фото: ndtv.com

Сәрсенбі күні таңертең Ананд пен Вадодара аудандарын байланыстыратын көпір таңертеңгі қарбалас уақытында құлап, 9 адам қаза тауып, тағы 3-еуі жараланды.

Алдын ала мәлімет бойынша, опырылған уақытта көпірден төрт көлік өтіп бара жатқан: екі жүк көлігі, жол талғамайтын Bolero және пикап.

Куәгерлердің айтуынша, құлағанға дейін қатты жарылған дыбыс естілген. Оқиға орнына өрт сөндірушілер, жергілікті полиция қызметкерлері мен Вадодара ауданы әкімшілігінің қызметкерлері жетті. 

Зардап шеккендерді құтқаруға жергілікті тұрғындар да келді. Қазіргі уақытта үш адам құтқарылып, жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді.

Жергілікті тұрғындар көпірді әкімшілік көптен бері елемей келгенін алға тартады.

Бұған дейін Үндістанның Махараштра штатының Пуна қаласында көпір опырылып, 4 турист қаза тапқанын хабарлаған едік. 

Сондай-ақ Үндістанның Мадхья-Прадеш штатының үкіметі құны 200 миллион рупий (2,3 миллион доллар) тұратын көпірдің жобалық қатесі үшін 7 инженерді жұмыстан шеттеткен еді. 

Соңғы жаңалықтар