Үндістандағы ұшақ апаты: оқиға орнында болған 50 адам жарақат алды
НЬЮ-ДЕЛИ. KAZINFORM — Гуджарат штатының Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру департаментінің орынбасары Дхананджай Двиведи кейбір жарақат алғандардың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты екенін айтты, деп жазды ТАСС.

Үндістанның батысында Air India әуекомпаниясының ұшағы құлап, жердегі 50-ге жуық адам жарақат алды. Бұл туралы журналистерге Гуджарат штатының Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру департаментінің орынбасары Дхананджай Двиведи хабарлады.
Оның айтуынша, ұшақ құлаған аумақта медициналық колледждің жатақханасы мен штаттық аурухана қызметкерлерінің жатын орны, өзге де ғимараттар бар.
— Осы аумақта болғандар жарақат алды. Шамамен 50 зардап шеккен Ахмедабад ауруханаларына жеткізілді, — деді ол.
Двиведи кейбір жарақат алғандардың жағдайы ауыр екенін айтты.
Бұған дейін Үндістан полициясы Air India ұшағы дәрігерлерге арналған жатақхана ғимаратына құлағанын хабарлаған болатын.
Еске сала кетейік, Air India әуекомпаниясының Boeing 787 Dreamliner ұшағы Ахмедабад қаласындағы Сардар Валлабхбхая Патела халықаралық әуежайынан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай апатқа ұшырады.
Ахмадабадтан 13:38–де көтерілген Boeing 787-8 ұшағының бортында 242 жолаушы мен экипаж мүшелері болған. Олардың 169-ы Үндістан азаматы, 53-і Ұлыбритания азаматы, біреуі Канада азаматы және жетеуі Португалия азаматы болғаны хабарланды.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Air India ұшағының апатынан қаза тапқан немесе зардап шеккен Қазақстан азаматтары туралы ақпарат түспегенін хабарлады.
Қазақстан Президенті Үндістан Премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады.
Алдын-ала мәлімет бойынша Air India ұшағында болған 242 жолаушының бәрі қаза тапқаны хабарланды.