Үндістанның оңтүстігіндегі көшкіннен қаза тапқандар саны 41-ге жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Үндістанның оңтүстігіндегі Керала штатында көшкін жүріп, қаза тапқандар саны 41-ге жетті. Бұл туралы ресейлік ТАСС жергілікті Asianet ақпараттық порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін 24 адам қаза тауып, 70-ке жуық адам жарақат алғаны хабарланған болатын.
Штаттың денсаулық сақтау министрі Вина Джордж журналистерге оқиға аймағында көпір қирап, құтқарушылардың жетуін қиындатқанын айтты.
«Ол жерде қазірдің өзінде ұлттық полиция және азаматтық қорғаныс бөлімшелері жұмыс істеп жатыр, сондай-ақ жақын арада теңіз күштері де көмекке келеді», - деді министр.
Көшкін Үндістанның оңтүстігіндегі Керала штатының солтүстік-шығысындағы Ваянад таулы аймағында жүрді. Үйінділер астында жүздеген адам қалуы мүмкін. Қаза тапқандар мен жараланғандар саны артуы мүмкін. Төтенше оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Оларға әскерилер қосылып, әуе күштерінің үш тікұшағы жіберілді. Олардың жұмысына толассыз жауған жаңбыр кедергі келтіріп отыр.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, ақшалай өтемақы төлейтінін мәлімдеді. Көшкін құрбандарының туыстарына биліктен 200 мың үнді рупиі (шамамен 2,4 мың доллар), ал жараланғандарға 50 мың үнді рупиі (шамамен 600 доллар) беріледі.