Үнзила Шапақ: Конституция жобасы халықаралық шарттарды қолдануда құқықтық айқындық енгізеді

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ Конституциялық реформа жөніндегі комиссиясының жетінші отырысында Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарды қолдану тәртібіне қатысты ұсынылған өзгерістерге тоқталды.

 депутат Мажилиса Унзила Шапак
Фото: t.me/konstituciyalikreforma

Оның айтуынша, конституциялық құқық пен халықаралық құқықтың арақатынасы құқықтық ғылымда екі негізгі бағыт арқылы түсіндіріледі.

— Біріншіден, мемлекет өз Конституция мәтініне халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын, жалпыадамзаттық құндылықтарды, сондай-ақ халықаралық құжаттарда бекітілген адам құқықтары мен бостандықтарын енгізеді. Солай, Конституция ел аумағындағы ең жоғары заңды күшке ие болады. Екіншіден, кейбір мемлекеттер ұлттық құқыққа қатысты халықаралық құқықтың басымдығы қағидатын ұстанады. Бұл тәсіл мемлекеттер арасындағы бейбітшілік пен өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етудің құқықтық кепілі ретінде қарастырылады, — деді Үнзила Шапақ.

Депутаттың түсіндіруінше, халықаралық және ұлттық құқықтың арақатынасы үстемдік пен бағыныштылыққа емес, өзара ықпалдасу, үйлестіру және сәйкестендіру қағидаттарына негізделеді. Бұл екі құқықтық жүйенің дербес екенін көрсетеді.

Комиссия отырысында ұсынылған жаңа Конституция жобасында халықаралық шарттарға қатысты үш негізгі ереже көзделген.

— Бірінші ереже бойынша, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелері елде қолданылатын құқықтың құрамдас бөлігі ретінде айқындалады. Жобаның 5-бабының 1-тармағында қолданылатын құқықтың құрамына Конституция, соған сәйкес заңдар, Конституциялық сот пен Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары, өзге де нормативтік құқықтық актілермен қатар халықаралық шарттық міндеттемелер де кіретіні нақты көрсетілген, — деді ол.

Оның айтуынша, бұл норма Қазақстанның халықаралық міндеттемелерден бас тартпайтынын, керісінше оларды қоғамдық қатынастарды реттейтін маңызды құқықтық негіз ретінде мойындайтынын білдіреді. Бұл қағидат бұрыннан қолданылып келеді және алдағы уақытта да сақталады.

— Екінші ереже халықаралық шарттардың ел аумағында қолдану тәртібі заңдармен айқындалатынын көздейді. Бұл олардың заңды күші мен міндеттілігіне күмән келтіру емес, керісінше қолдану механизмін нақтылау. Үшінші ереже бойынша, Қазақстан ратификациялаған барлық халықаралық шарт міндетті түрде жарияланатын болады, — деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Үнзила Шапақтың айтуынша, халықаралық шарттарды жариялау азаматтардың мемлекет қабылдаған міндеттемелермен еркін танысуына мүмкіндік береді, өйткені бұл құжаттар қоғамдық қатынастар субъектілері үшін міндетті жүріс-тұрыс ережелерін белгілейді.

— Ұсынылып отырған Конституция нормалары құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге, конституциялық құқықтарды қорғауға және құқықтық реттеудің тұрақтылығын нығайтуға бағытталған. Осылайша, Қазақстан Конституциясы мен халықаралық құқық арасындағы қатынасты нақтылайтын норма Конституцияның тұтас құқықтық іргетасы екенін көрсетеді және барлық қолданылатын құқыққа қатысты ең жоғары заң күші бар екенін көрсетеді, — деп түйіндеді ол.

Бұған дейін Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасындағы егемендік пен тәуелсіздік ұғымдарының орнына тоқталды.

Ал Артур Ластаев Конституцияда адам құқықтары мен сөз бостандығы толық сақталғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар