Уран өңдеу зауытының құрылысына Қазақстан мен Франция 100 млн. АҚШ долларынан инвестиция құяды - В.Школьник

Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Еуропалық және азиялық медиа-форум барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген «ҚазАтомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Владимир Школьник мәлім етті.
Оның атап өтуінше, салынатын зауыттың 49 пайыз акциясы француз тарапына, ал 51 пайызы Қазақстан тарапына тиесілі болады. Жалпы зауыт қуаты тұтыну нарығына тікелей тәуелді. Дегенмен, жылына 400 тонна отын өндіру жоспарда бар.
«Өнім Оңтүстік Шығыс Азия нарығына есептеліп отыр. Инвестиция ауқымды емес, 200 млн. долларды құрайды. Біз келесі жылы бастаймыз. Құрылысы екі жыл жүреді. Зауыт шамамен 2014 жылы іске қосылады», - деді В.Школьник.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «ҚазАтомөнеркәсіп» пен Францияның «Areva» компаниясы арасында Шығыс Қазақстан облысының Үлбі қала үлгісіндегі елді мекенінде зауыт құрылысын бастау туралы келісімге қол қойылғандығы туралы хабарланған болатын.