Ұрлық үшін сотталған қызылордалық мерзімінен 5 ай бұрын бостандыққа шықты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Ер адам жаза мерзімінің аяқталуына бес ай қалғанда босатылған.

Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң аясында Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің № 60 мекемесіндегі жазасын өтеушілердің алды рақымшылықпен бостандыққа шықты.
Департаменттің баспасөз қызметі хабарлғандай, 55 жастағы ер адам ұрлық жасағаны үшін сотталған.
— Қателігімді түсіндім. Жасым жер ортасына келгенде жаза басқаныма өкінемін. Енді отбасыма оралып, балаларыма тәрбие беріп, жіберген қателігімнің орнын толтырғым келеді. Қаншама уақытым зая кетті. Рақымшылықпен босап шыққаныма қуаныштымын, — деді ол.
Айта кету керек, бұған дейін департаменттің № 37 мекемесінен 3 адам және пробация есебіндегі 15 адам рақымшылықпен босатылған еді. Заң мүмкіндігі Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерінен 200-ден астам адамға қолданылады.