Үш ауысымды, апатты мектептердің басым бөлігі ауылдарда орналасқан

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде үш ауысымда оқытатын мектептердің 57%-ы ауылдық жерде орналасқан. Апаттық мектептердің де 76%-ы ауылдық елді мекендерде байқалады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында айтты.

Үш ауысымды мектеп мәселесі қашан түбегейлі шешіледі
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Бүгінгі таңда үш ауысымда оқытатын мектептердің 57%-ы ауылдық жерде орналасқан. Көпшілігі Алматы және Түркістан облыстарында. Авариялық мектептердің 76%-ы да ауылдық елді мекендерде. Олар негізінен Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында», - деді О.Бектенов Үкімет отырысында.

Сонымен бірге, Премьер-министрдің айтуынша, шағын жинақты мектептерде мұғалімдердің жетіспеуіне байланысты бір педагог бірнеше пәнді оқытады. Әсіресе математика, физика, шет тілдері пәндерінде біліктілігі жоғары мамандар аз.

«Нәтижесінде бұл ең басты мәселе – ауыл мен қала мектептерінің арасындағы оқыту сапасының алшақтығына алып келді. Өңір әкімдіктері әртүрлі үйірмелер мен секциялардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін 2025 жылдың қыркүйегіне дейін мектептен тыс ұйымдардың комьюнити-орталықтарын немесе филиалдарын ашу жұмысын аяқтауы қажет. Цифрлық даму министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, 2025 жылғы 1 қыркүйекке қарай ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетке қосуды аяқтасын. Қажет болған жағдайда шалғай өңірлердегі желілерді тезірек жаңғырту үшін жеке байланыс операторларын тарту қажет», - деді Премьер-Министр.

Айта кетейік, ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде 2027 жылға дейін 180-ге жуық мектеп салу жоспарланған. Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қоса алғанда, ауылдарда 42 мектеп пайдалануға берілді.

Еліміздегі 8 мыңға жуық мектептің 67% немесе 5247-сі – ауыл мектебі. Оқушылардың 40% ауыл мектебінде білім алады.

Соңғы жаңалықтар