Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім алшақтығы азайып келеді – Министр
АСТАНА. KAZINFORM - Еліміздегі 8 мыңға жуық мектептің 67% немесе 5247-сі – ауыл мектебі. Оқушылардың 40%-ы ауыл мектебінде білім алады. Бүгін Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев ауыл мектептерін дамыту шаралары туралы айтып берді.

«Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты PISA халықаралық зерттеулері айқындап отыр. Дегенмен PISA-2018 нәтижелерімен салыстырғанда, 2022 жылғы математикалық және жаратылыстану сауаты бойынша айырмашылық көрсеткіші 4-5 балға дейін қысқарды, ал оқу сауаттылығы өзгеріссіз қалып отыр», - деді Ғ.Бейсембаев бүгінгі Үкімет отырысында.
Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдан бастап «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасын іске асыруда.
Алматы облысында былтырғы оқу жылында «Қазақстан халқына» қорының қаржылай қолдауымен 50 мектепте жаратылыстану-математикалық бағыт пәндері бойынша білім сапасын арттыру үшін «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесіне негізделген жоба жүзеге асты.
Маңғыстау облысы мектептерінің білім сапасын арттыру үшін биыл 50 мектепті, оның ішінде 35 ауыл мектебін қамтитын «Отпан» жобасы басталды.
«Ақтөбе облысында былтыр облыс әкімдігінің және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қатысуымен «Цифрлық технологияларды пайдаланып, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы жүзеге асырылды. Жобаға 12 тірек және 134 шағын жинақты мектеп, 11 мыңнан астам білім алушы мен 3,5 мыңға жуық педагог қатысты. Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы және «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Білімді тұрақты дамыту» қоры жобаның табысты өтуін қамтамасыз етті», - деді сала министрі.
Жоба аясында тірек мектептерінің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылып, шағын жинақты мектептер пәндік және цифрлық кабинеттермен жабдықталған. Мектептерге жылдамдығы жоғары интернет орнатылған.
Жоба аясында жүргізілген кешенді жұмыстар шағын жинақты мектептердегі білім сапасының артуына ықпал етті. Мұны 6, 8 және 10 сыныптардағы оқу үлгерімінің нәтижесі растады.
«Апробациядан өткен оқытудың 4 моделінің ішінде «Тірек мектебі – шағын жинақты мектеп» моделі тиімділігін көрсетті. Осыған орай, республикалық жобаны масштабтау ұсынылып отыр. Әкімдік жергілікті бюджеттен тірек және шағын жинақты мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға, сапалы интернетпен қамтамасыз етуге, тірек мектептерінің педагогтерін ынталандыру үшін үстемеақы төлеуге қаражат бөлуді жоспарлауы қажет», - деді Ғани Бейсембаев.
Биыл жобаға Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 10 тірек және 30 шағын жинақты мектеп тартылуда.
2025 жылдың қаңтарынан бастап жобаға 17 өңірдің 192 тірек және 759 шағын жинақты мектебі қатысады.
Ал үшінші кезеңде осы жобаға қалған шағын жинақты мектептердің барлығы толығымен қамтылуы қажет.