Үш айда интернеттегі алаяқтар тұрғындар мен мемлекетке 79,6 млрд теңге залал келтірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде интернет-алаяқтық қылмыстары жиіледі. Биыл үш айдың қорытындысы бойынша бұл бағытта 10 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді. Ол – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8%-ға көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат ranking.kz порталына сілтеме жасап.

Үш айда интернеттегі алаяқтар тұрғындар мен мемлекетке 79,6 млрд теңге залал келтірді

Жалпы, алаяқтық қылмыстарының жартысына жуығы интернетте жасалған. Атап айтқанда, 4,7 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Өткен жылға қарағанда бұл – 4,2%-ға көп. 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, «Алаяқтық» бабы бойынша 43,5 мың қылмыс тіркелді. Оның ішінде 20,6 мыңы – интернет-алаяқтық.

Әрбір 5 алаяқтық қылмыстың екеуі еліміздегі қос мегаполисте жасалған – Алматы (І тоқсанда 1 949 оқиға тіркелген) және Астанада (І тоқсанда 1 903 оқиға тіркелген). Сондай-ақ, бұл бағыттағы құқық бұзушылықтар өршіп тұрған өңірлер қатарында Қарағанды облысы (692 оқиға), Шымкент қаласы (640 оқиға) және Алматы облысы (517 оқиға) бар.

Жүргізілген зерттеу қорытындысына сәйкес, респонденттердің 55,8%-ы алаяқтар қуылығын асырмақ болғанын айтқан. Оның ішінде 34,2%-ы телефон алаяқтары болса, 32,7%-ы интернет арқылы жасалған.

Осылайша, биыл І тоқсанында «Алаяқтық» бабы бойынша тіркелген қылмыстардан келген залал 79,6 млрд теңге болды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 6 есе көп. Жалпы, былтыр жыл басынан соңына дейін келтірілген шығын сомасы – 110,8 млрд теңге.

Сонымен, алаяқтардың қулығына алданған қарапайым тұрғындардың залалы – 30,4 млрд теңге. Ал, келтірілген шығынның 48,8 млрд теңгесі – мемлекетке, 515,7 млн теңгесі – бизнеске тиесілі.