Үш айда Өзбекстан экономикасының 2,8 млрд доллары көлеңкеде қалды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл алғашқы тоқсанда Өзбекстанда бақыланбайтын экономиканың көлемі 102,7 трлн сумға (шамамен $8,5 млрд) жетіп, ол ішкі жалпы өнімінің 22,9 пайызына теңелді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, қаражатын есепке алу мүмкін болмай тұрған секторлардың көшін ауыл, орман және балық шаруашылықтары бастап тұр. Мәселен, үй шаруашылықтары мен жеке тұлғалардың тіркелмеген қызметінен 69,1 трлн сум (ішкі жалпы өнімнің 15,4%) бейресми айналым жүр.
Сонымен қатар қаңтар-наурыз аралығында көлеңкелі экономиканың көлемі 33,6 трлн сумға ($2,8 млрд) жетіп, оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 7,5%-ға теңелді.
Тоқтала кетейік, бақыланбайтын экономика - бұл статистика органдары толық есепке ала алмай отырған айналымдағы қаражат. Оған бейресми және көлеңкелі экономика кіреді.
Еске салайық, Өзбекстан алдағы уақытта бақыланбайтын экономиканың үлесін 29%-ға дейін төмендетуге ниетті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан экономикасының 8,3 млрд доллардан аса қаражаты көлеңкеде қалып отыр.