Үш қазақстандық теннисші Астана турнирінің жартылай финалына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Президент кубогы аясында өтіп жатқан халықаралық турнирдің жартылай финалына шыққан теннисшілер белгілі болды.
Ерлер арасында M15 турнирінің ширек финалында әлемнің 627-інші, осы жарыстың 4-ракеткасы, 18 жастағы Ә.Омарханов ширек финалда отандасы әрі құрдасы Дамир Жалғасбаймен ойнады.
Бұл бәсекеде Д.Жалғасбай сенсация жасап, айқын басымдылықпен жеңіске жетті – 6:1, 6:2.
Дамир финалға шығу үшін әлемнің 281-ракеткасы, ресейлік Петр Бар-Бирюковпен таласады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 1 686-сатыдағы, биыл 18-ге толған Заңғар Нұрланұлы ширек финалда Израиль өкілі Дэн Брандпен шеберлік байқасты.
Аса тартысты өткен кездесуде Заңғар камбэк жасай білді – 6:7 (4:7), 6:4, 6:1.
Осылайша, З.Нұрланұлы спорттық жолында алғаш рет ересектер арасында ITF World Tennis Tour турнирінің жартылай финалына жолдама алды. Оның келесі қарсыласы – рейтингіде 810-орындағы ресейлік Григорий Щебкин.
Әйелдер арасында ширек финалда қазақстандықтар, рейтингіде 1 295-орындағы, 19 жастағы Іңкәр Дүйсебай мен 16-дағы Ева Корышева өзара сынға түсті.
Іңкәр осының алдында екінші айналымда әлемнің 440-ыншы, осы жарыстың 1-ракеткасы, ресейлік Екатерина Маклакованы 6:1, 7:6 (7:3) есебімен жеңіп, сенсация жасаған еді.
Дегенмен бұл жолы Е.Корышева күтпеген жерден І.Дүйсебайды ұтып кетті – 6:3, 6:4.
Ева жартылай финалда әлемнің 832-ракеткасы, ресейлік Эдда Мамедовадан өтуге тырысып көреді.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 932-сатыдағы Асылжан Арыстанбекова ширек финалда әлемнің 606-ракеткасы, ресейлік Дарья Зеленскаяға жол берді – 2:6, 6:1, 2:6.
Сондай-ақ Айя Нұпбай әлемнің 449-ракеткасы, ресейлік Виктория Миловановаға есе жіберді – 3:6, 6:7 (2:7).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Испаниядағы жарыстың жартылай финалында ойнайтынын жазған едік.
Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды.