Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Үш министрлік бір айда Қазақстанда өндірілуі қажет импорттық тауарлардың тізбесін айқындайды

АСТАНА. KAZINFORM – Отандық тауарларды өткізуге және экспорттауға кедергі келтіретін талаптар мен шектеулерді қайта қаралады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.

Шағын бизнеске қолдау: отандық өнімге басымдық беру ұсынылды
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

- Отандық өндірушілер өз өнімдерін өткізу кезінде негізсіз әрі басы артық әкімшілік талаптарға тап болмауға тиіс. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, отандық тауарларды өткізуге және экспорттауға кедергі келтіретін талаптар мен шектеулерді қайта қарап, оларды жою жөнінде нақты шаралар қабылдасын. Барлық талаптар бір құжатта жинақталып, жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйеде нақты көрініс табуға тиіс, - деді О. Бектенов.

Оның айтуынша, ішкі нарық негізгі азық-түлік тауарлары бойынша отандық өніммен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар дайын өнім өндіруге қажетті импорттық шикізат пен құрамдас бөліктерге тәуелділік әлі де бар. Әсіресе, азық-түлікке жатпайтын тауарлар секторында тәуелділік жоғары.

- Сауда, Өнеркәсіп және Ауыл шаруашылығы министрліктері бір ай мерзімде Қазақстанда өндірілуі қажет болатын аса маңызды импорттық тауарлардың, шикізаттың, материалдар мен қосалқы бұйымдардың тізбесін айқындасын. Әрбір позиция бойынша іске асыру мерзімдерін белгілей отырып, отандық өндірісті құру немесе кеңейту бағытында нақты шаралар әзірлеу қажет, - деді Үкімет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Премьер-министр Олжас Бектенов отандық өнімнің үлесін тұрақты түрде арттыруға қатысты министрліктерге тапсырма берді.