Үш жылда мемлекеттік жер қорына 13,2 млн гектар жер қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Пайдаланылмай жатқан 11 млн гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты.

жер
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

- 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Президентінің берген тапсырмасына сәйкес, пайдаланылмай жатқан немесе заң бұзу деректерімен берілген жерлерді қайтару бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Осы бағытта арнайы Республикалық комиссия құрылды. 2024 жылғы қыркүйектен бастап Комиссия жұмысы жерді әділ қайта бөлуге, топырақтың тозуы және жайылым тапшылығы мәселесін шешуге қайта бағдарланды. Құқық қорғау органдары және «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер Аманаты» комиссиясысының белсенді жұмыс істеуі ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етіп отыр. Бұл тұрғыда үш жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарылып, мемлекеттік жер қорына 13,2 млн гектар жер қайтарылды (2022 жылы – 5,4 млн га, 2023 жылы – 4,6 млн га, 2024 ж. – 2,2 млн га, 2025 жылдың басынан – 1 млн га), оның ішінде 11 млн гектары – жайылым. Бұл жайылымдарда 14,6 мың шаруашылықтың малы болмаған немесе жайылымға түсетін жүктеме төмен болған, - деді А. Сұлтанов Парламент Мәжілісінде «Жайылым туралы» Заңының іске асырылуын талқылау барысында.

Оның айтуынша, осы жерлердің 6 млн гектары халыққа қайта бөлінді.

- Атап өту қажет, 2024 жылы «Жайылымдар туралы» Заң аясында енгізілген түзетулердің бірі — жайылымдарды алып қою нормасын шекті жүктемені 20%-дан 50%-ға дейін ұлғайту болды. Осы түзету күшіне енген сәттен бастап, 2,7 миллион гектар ұтымсыз пайдаланылған жайылымдар қайтарылды. Оның ішінде 565,8 мың гектар бойынша фермерлер жаппай мал сатып алып, өндірістік процестерге адамдарды көбірек тарта бастады. Жұмыс жалғасып жатыр, 63,8 мың гектар бойынша сот процестері жүргізіліп отыр, - деді вице-министр.

Бұған дейін хабарланғандай, министрік жайылым тапшылығы екі есеге азайғанын мәлім етті.

 

Соңғы жаңалықтар