Ұшақ апаты. Халықаралық әуе көлігі ассоциациясының басшысы мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық әуе көлігі ассоциациясының (IATA) бас директоры Вилли Уолш Ақтау маңында болған ұшақ апатына қатысты мәлімдеме жасады.

— Азаматтық ұшақтар ешқашан әскери операциялардың әдейі немесе кездейсоқ нысаны болмауы керек. Ресей мен Әзербайжанды қоса алғанда, тағы бірнеше ел үкіметі атап өткендей, «Әзербайжан әуе жолдары» 8243 рейсі әскери операциялардың құрбаны болуы мүмкіндігі мұқият, ашық және бейтарап тергеу керектігін көрсетеді. Бүкіл әлем Чикаго конвенциясында келісілген халықаралық міндеттемелерге сәйкес 30 күн ішінде талап етілетін жариялымды асыға күтеді, — дейді Вилли Уолш мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Қазақстан әуе бортындағы өздігінен жазғыштарды Бразилияға жіберді.
Чикаго конвенциясының 13 қосымшасына сәйкес тергеу жүргізетін мемлекет борттық өздігінен жазғыш деректерін оқуды қамтамасыз етеді және оларды қай елде таратып жазу туралы шешім қабылдайды. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі хабарлады.
Еске салайық, Мемлекет басшысы ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмек көрсетуді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.