Ұшақ апатынан қайтыс болған азаматтардың туыстарына қаржылай көмек көрсетілді
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қайтыс болғандар мен зардап шеккен азаматтарды алып кетуге келген туыстарына Маңғыстау облысы тарапынан барлық қолдау шаралары көрсетіліп жатыр.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, дәрігерлер мен төтенше жағдай қызметкерлері, әкімдік өкілдері мен волонтерлар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Туыстарын алып кетуге келген шетел азаматтарын әуежайдан күтіп алып-шығарып салу, қонақ үйге орналастыру және т.б. қолдау көрсетіліп жатыр. Атап айтқанда, өңірлік психологтар мен дәрігерлер облыстық ауруханада қайғырып жүрген жандардың денсаулығын тексеріп, психологиялық көмек беріп жатыр. Сондай-ақ, ыстық тамақ пен шәймен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, ұшақ апатынан көз жұмған Маңғыстау облысының 3 азаматының отбасына қаржылай көмек беріліп, марқұмдарды жерлеу рәсімдеріне қолдау көрсетілді.
Әзербайжанның Денсаулық сақтау министрі Қазақстан дәрігерлеріне алғыс айтқан болатын.
Еске сала кетейік, Ақтау маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған ұшақ апатқа ұшырады.
Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тапты.