Ұшақпен ет импорттайтын өзбекстандық компаниялардың жарты шығынын енді мемлекет өтейді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Әуе кемесімен елге ет тасымалдайтын өзбекстандық компаниялардың 50% шығыны мемлекет есебінен өтеледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі. 

Ұшақпен ет импорттайтын өзбекстандық компаниялардың жарты шығынын енді мемлекет өтейді
Фото: Kazinform

Тиісті қаулыға 7 сәуірде президент Шавкат Мирзиёев қол қойды. Бұл шара елдегі ет бағасын тұрақтандыруға бағытталған.

— 2026 жылдың 1 сәуірінен 1 тамызына дейін ұсақ мал мен ірі қара етін ұшақпен тасымалдау шығындарының 50%-ы мемлекеттік бюджет есебінен өтеледі. Алайда, субсидия сомасы әр келі үшін 80 центтен аспауы тиіс, — делінген қаулыда.

Сонымен қатар, шетелден әуе кемесімен асыл тұқымды ірі қара импорттаушыларға да жеңілдік ұсынылмақ. Атап айтқанда, жыл соңына дейін республикаға әкелінген әр мал басына 4 млн сумға (шамамен 152 мың теңге) дейінгі тасымалдау шығындары өтеледі.

Еске сала кетейік, Өзбекстан 2027 жылға дейін Моңғолиядан 100 мың бас ұсақ мал сатып алуға ниетті.