Ұшақты мұздан тазарту неге жолаушылар отырғызылғаннан кейін жүргізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті әуе кемелерін мұздан тазартудың негізгі кезеңдері мен қауіпсіздік талаптарын атап өтті. 

Ұшақты мұздан тазарту неге жолаушылар отырғызылғаннан кейін болады
Фото: Астана әуежайы

Әуе кемелерін мұздан тазарту (деайсинг) — ұшақты қауіпсіз ұшыру үшін жүргізілетін дайындықтың аса маңызды бөлігі. Халықаралық стандарттар мен азаматтық авиация саласындағы ішкі нормативтік талаптарды сақтау әуе компаниялар мен әуежайлар үшін басты басымдық.

— Қыс мезгілінде мұздану қаупі айтарлықтай артады. Ұшақ қанатында немесе басқа да маңызды беттерде пайда болған мұздың, қыраудың немесе қардың жұқа қабатының өзі әуе кемесінің аэродинамикалық қасиеттерін нашарлатып, ауа кедергісін арттырып, көтеру күшін азайтады. Бұл ұшу сипаттамаларының төмендеуіне алып келеді, — делінген хабарламада.

Осы себепті халықаралық тәжірибе мен ұлттық рәсімдерде міндетті түрде мұздан тазарту қолданылады.

Ол әдетте бір немесе екі кезеңде жүргізілетін арнайы сұйықтықты қолдануды қамтиды:

1. Әуе кемесінің маңызды беттерінен мұзды, қарды, қырауды және басқа да ластануларды кетіру.
2. Қайта мұзданудың алдын алу үшін белгілі бір уақыт ішінде әсер ететін қорғаныс қабатын жағу.

— Белсенді жауын-шашын мен төмен температура жағдайында рейстердің ұшып шығуы кідіруі мүмкін. Бұл әуе кемесін өңдеуді сапалы орындау және сұйықтықтың әсері ұшу-қону жолағына шыққанға дейін сақталуын қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты. Мұндай кідірістер ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі, — деді ведомствода.

Неге өңдеу жолаушылар отырғызылғаннан кейін басталады

— Мұздан тазарту рәсімі жолаушылар толық отырғызылып, әуе кемесінің барлық есігі жабылғаннан кейін жүргізіледі. Бұл талаптың негізгі себебі, мұздануға қарсы сұйықтықтың әсер ету уақытының шектеулі болуында. Қорғаныс қабатының тиімділігін барынша арттыру және оның ұшып шыққанға дейін сақталуын қамтамасыз ету үшін өңдеу мүмкіндігінше ұшу уақытына жақын жасалуы тиіс, — делінген хабарламада.

Есіктерді жабу мұздан тазарту процедураларының технологиялық талаптарына да сәйкес келеді. Жолаушылар отырғызылып, есіктер жабылғаннан кейін ұшақ тұрақта қала береді немесе арнайы мұздан арылту алаңына жеткізіледі.

— Ауа райы жағдайына байланысты өңдеу бірден немесе жағдай жақсарған кезде орындалады. Мұндай технологиялық күту — ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық және ұлттық рәсімдердің міндетті бөлігі. Барлық жолаушыларға түсіністік пен шыдамдылық танытқаны үшін алғыс айтамыз, — делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетелік Астана әуежайы халықаралық стандарттарды сақтай отырып, цифрлық жаңалық енгізген еді

Соңғы жаңалықтар