Ұсынылған норма шығармашылық еркіндік пен қоғамдық жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті дәл тапқан — Мереке Құлкенов

АСТАНА. KAZINFORM — Қауіпсіздік бүкіл қоғам үшін қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) кезекті отырысында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов мәлім етті. 

Мереке Құлкенов
Фото: Конституциялық сот

— Бүгін Конституцияның 20-бабы туралы қысқаша тоқталғым келеді. Бұған дейінгі сөзімде ғылыми шығармашылық еркіндігін және зияткерлік меншікті заңмен қорғауды бекіту мәселесін қарастыруды ұсынған болатынмын. Кеше сіздер көрген жоба мәтініне бұл ұсыныс енгізіліпті. Осы түзетулер шығармашылық еркіндігін тиімді құруға ықпал етіп, заң деңгейінде құқықтық қорғау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік береді деп санаймын. Сонымен қатар, аталған бапта құқықтарды пайдаланудың шектері де айқындалып отыр, яғни ақпарат тарату бостандығы басқа азаматтардың құқықтарын, қоғамдық тәртіпті және қоғамның рухни адамгершілік құндылықтарын бұзбауы тиіс екені көрсетіледі. Бұл ұсынысты кейбіреулер сынға алғанымен, мұндай нормалар заң деңгейінде нақты және айқын реттелуі қажет екенін түсінуіміз керек. Ал мұндай мүмкіндік Конституция арқылы беріледі, — деді М. Құлкенов.

Оның пайымынша, егер Конституцияда осындай норма бекітілсе, онда барлық заң соған сәйкес келтірілуі тиіс. Сондықтан бұл мәселе Құрылтай қабылдайтын заң деңгейінде жан-жақты талқылаудан өтіп, дауыс беруі арқылы шешімін табуы қажет.

— Ең бастысы, бір жағынан — адам құқықтарының сақталуы туралы айтуымыз керек, ал екінші жағынан — қоғамдық мүдделер мен тәртіптің сақталуының да бірдей маңызды екенін атап өтуіміз қажет. Бүгінде қоғамда үлкен резонанс тудырған құқық бұзу жағдайлары адам құқықтары және қоғамдық мүдделер мен тәртіптің біртұтас өзара байланысты түрде қарастырылуы тиіс екенін көрсетіп отыр. Қауіпсіздік те дәл осы ұстанымға негізделіп, ол тек жеке адамға қатысты емес, бүкіл қоғам үшін де қамтамасыз етілуі тиіс. Сөз еркіндігі деген ұғым — шексіз дүние емес. Еркіндік — жауапкершілікпен ғана құнды. Біреудің ар-намысына тиіп, қоғамның рухани әрі адамгершілік құндылықтарына нұқсан келтіруге, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілмеуі тиіс. Біз қалам ұстаған қауым сөздің құдыретін де, сөздің зардабын да жақсы білеміз. Сөз аурудан айықтыра да алады, жанға айықпас жара да салады. Ал жауапсыз сөз — еркін қоғамды әлсіретеді. Аталған бап шығармашылық еркіндік пен қоғамдық жауапкершіліктің арасындағы нәзік тепе-теңдікті дәл тапқан деп санаймын. Ол еркін ойды тұншықтармайды, бірақ арандатуға, жеккөрушілікке, зорлық-зомбылықты дәріптеуге жол бермейді. Жеке өз басым бұл бапты қолдаймын. Өйткені ол еркін сөзді қорғай отырып, сол сөздің адамгершілік өлшемінен шықпауын талап етеді, — деді Мереке Құлкенов.

Бұған дейін хабарланғандай, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) кезекті отырысында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Халық кеңесінің құрамы мен туралы айтты

Соңғы жаңалықтар