Ұстаз тойда жүрсе де өзінің кім екенін ұмытпағаны жөн – солтүстікқазақстандық ұстаз

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы білім саласының «Алтын қорында» ұстаздар әулеті ретінде 40 отбасы тіркелген. Мұғалімдік жолды атадан балаға мирас етіп, үрдісті бірнеше буыннан бері үзбей келе жатқандардың бірі – Рамазановтар әулеті. Бір шаңырақтан шыққан ұстаздардың саны 20-дан асады. Ал ортақ еңбек өтілі – 230 жыл шамасында. Ұстаз болуды қастерлі міндет санайтын әулеттің өкілі Сапар Рамазановпен тілшіміз сұхбат құрған еді.

Сапар Рамазанов
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Сапар Бектұрғанұлы, ұстаздық жолына қалай келдіңіз?

- Менің бірінші мамандығым - техник-механик. Туған жерім Жамбыл ауданы Үлгі ауылында 90-шы жылдардың басына дейін осы кәсіп бойынша еңбек еттім. «Қайта құру» келіп, кәсіпорындар, шаруашылықтар жабыла бастады, кейбірі жекеменшікке өтті. Заманға сай бейімделу керек болды. Мұғалімдік жұмысты кішкентайымнан көріп өскендіктен осы салаға бет бұрдым. «Машина тану» пәні менің бұрынғы жұмысыммен байланысты болды. Кейін әкем тарихшы болғандықтан, мен де осы пәнді таңдап, білім алдым. 2000 жылдары жоғары оқу орнына түсіп, «Тарих-география пәнінің мұғалімі» мамандығын алып шықтым. Бүгінде педагогтік еңбек өтілім – 31 жыл. Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде, қазақ-түрік лицейінде еңбек еттім. Қазір Жұмабек Тәшенов атындағы 20-шы орта мектепте география пәнінен сабақ беремін, педагог-зерттеушімін. 

- Ұстаздар әулетінен екенсіз, әулеттің ұстаздық жолы кімнен, қай жылдан басталады? 

- Әкемнің әкесі, яғни атам Құрмаш Рамазанұлы – бастауыш мектептің мұғалімі болды. 1903 жылы туған. Еті пысық болып, көрші ауылдағы молдадан хат таниды. Ал он бес жасынан бастап кеңес өкіметі орнағаннан кейін ұжымдастыру ісіне араласты. 1934 жылдан бастап Ортақшыл, Үлгі мектептерінде бастауыш пәнінің мұғалімі болып 30 жыл қызмет атқарды. Соғыста болған. Абыройлы педагогтық қызметі үшін «Құрмет белгісі» ордені және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 1963 жылы 60 жасқа келіп өмірден өтті. 

Сапар Рамазанов
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әкем Бектұрған Петропавл педагогикалық училищесін бітіріп, Үлгі сегіз жылдық мектебінде 16 жыл мұғалім, 5 жыл оқу ісінің меңгерушісі, 25 жыл мектеп директоры қызметін атқарды. Жылдар бой ауыл мәдениетін көтеруге, ауыл жастарын адамгершілігі мол, рухы биік тұлға болуға еңбек етті. Ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі үшін «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілді, «ҚР білім беру ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Білім саласында 46 жыл қызмет атқарды, қазіргі таңда зейнеткерлік демалыста. 

Апайым Гүлжан Құрмашқызы химия-биология пәнінің мұғалімі, еңбек өтілі – 44 жыл. 

Інім Сабыр Бектұрғанұлы - М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы болып 8 жыл еңбек етті. 

Сапар Рамазанов
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Тағы бір інім Бақыт Бектұрғанұлы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, еңбек өтілі 28 жыл. 
Қарындасым Гүлден Бектұрғанқызы - математика-информатика пәндерінің оқытушысы, мектепте еңбек етіп жатқанына 28 жыл.

Бағдат Бектұрғанұлы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып 6 жыл еңбек етті. 
Тағы бір қарындасым – Жазира Бектұрғанқызы 2 жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді.

Сапар Рамазанов
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазір төртінші буын мұғалімдік қызметті жалғастырып жатыр. Қызым Ақерке Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп, облыстық білім басқармасында 3 жыл әдіскер болып қызмет атқарды. Жиенім Диана математика-информатика пәнінің мұғалімі, еңбек өтілі – 3 жыл.

- Ерлердің арасында мұғалімдер қазір, өкінішке орай аз, ілуде бір кездеседі, оған не себеп деп ойлайсыз?

- Иә, дұрыс айтасыз. Мұғалімдік соңғы жылдары әйелдердің мамандығына айналып барады. Негізінен ер адамдар өнеркәсіпті, мемлекеттік қызметті таңдайды, осылайша биік мансапқа жетуді ойлайды. Бір себебі осы шығар. Екіншіден баламен жұмыс істеу, әсіресе қазіргі уақытта тілін тауып, білім-тәрбие беру оңай емес, бұл – қиын, әрі зор жауапкершілік артатын мамандықтардың бірі. Қазір мен еңбек етіп жатқан мектепте де 30-дан астам мұғалім болса, соның жетеуі ғана ер адам. 

- Бүгінгі балалардың дүние танымы ғана емес, тәрбиесі де бөлек, мұнымен келісесіз бе? Бұрынғы уақытпен, осыдан 5-10 жылмен салыстырғанда қазір білім беруде қандай қиындықтар немесе оң тұстары бар?

- Айырмашылық жер мен көктей. Қазіргі балалардың көбінің оқуға деген құштарлығы төмен. Бұрын бала нашар баға алса соны жоюға тырысатын, намыстанатын. Қазір оқушыны нашар бағамен «қорқыта» алмайсың. Әрі бұрынғы бағдарламамен салыстырғанда қазіргі мектеп бағдарламасы оқушы үшін күрделі деп есептеймін. Ал жалпы оқи алмайтын оқушы болмайды, оны оқыта алмайтын мұғалім болуы мүмкін деп ойлаймын.

- Сіздің ұстазыңыз кім, өмірде кімді үлгі тұтасыз? 

- Әрине, ата-анам. Үнемі жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырды. «Балаңды тәрбиелемес бұрын, өзіңді тәрбиеле» деп айтады ғой. Менің әкем сондай кісі, өмір бойы мұғалім болғандықтан да шығар, ешқашан ол кісінің жаман қылығын көрмеппін. Әр ісімен, жүріс-тұрысымен бізге үлгі болып келеді. Жалпы мұғалім осындай болуы керек, ол қайда жүрсе де, қонаққа барса да өзінің ұстаз екенін ұмытпағаны жөн. 

Ал мектептегі менің алғашқы ұстазым – нағашы апам Айсұлу Мағзұмқызы. Өмірден өтті, ол кісі туралы тек жақсы естеліктер сақталды. 

- Осы ұстаздық жолда есіңізде қалған қызықты оқиғалармен бөліссеңіз.

- Ауылда алғаш мектепке ұстаз болып орналасқанда, маған жетекшілікке 11-сыныпты берді. 25 бала. Көрші ауылдардан балалар келіп оқиды. Сынып ұйымшыл болды, сабақтарын да оқыды. Араларынан «алтын белгіге» бітіргендері де бар. Бірақ, жастар, кешке қыдырғылары келеді. Мерекелерде кеш ұйымдастырса, үйімді беретінмін. Ондағы ойым – балаларды көз алдымда ұстау. 

Кешке де түннің бір уағына дейін сол балаларды аңдып жүргенің бірдеңеге ұрынып қала ма деп, қазір сол оқушыларым кездесіп қалғанда өткен күндерді күліп еске аламыз. 

- Көпшілік сізді әнші ретінде де жақсы біледі, кезінде «Жігіт сұлтаны» байқауына да қатыстыңыз, осы жайында айтып беріңізші. Жалпы өнер Сізге кімнен дарыған? 

- Әке-шешем де ән айтады, жігіттің жақсысы нағашыдан деп айтады, нағашыларым да шетінен өнерпаз. Мектепте оқып жүргенде домбыра ансамблі болды, соған қатыстым. Домбырада ойнауды үйреткен әкем. Ал нағашым, анамның інісі клуб меңгерушісі болды. Сол кісінің жанында әскерге дейін, барып келгеннен кейін жүрдім. Түрлі байқауларға қатысатынбыз. 1996 жылы ауданда «Жігіт сұлтаны» байқауы болды. Сонда бірінші орын алдым. Кейін облыстық кезеңге қатысып, бас бәйгені жеңіп алдым. Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек. Сол байқауда жұртты таң қалдыр деген тапсырма болды. Қажымұқан атамыз сияқты күшімді көрсетейін деп «Волга» көлігіне 5 қызды отырғызып, тісіммен сүйредім. Республикалық тур Шымкентте өтті. Бірінші кезеңнен өткеніммен, екіншісіне қатыса алмадым. Ыстық ауа райына шыдамай, қан қысымым көтеріліп, ауырып қалдым. 

- Осы өнеріңізді сабақта қолданатын кездеріңіз бола ма?

- Мектепте сабақтан тыс тәрбиелік жұмыс бар. Түрлі байқаулар, кештер ұйымдастырылады. Сол кезде ән айтып, сценарий жазуға, қойылым қоюға көмектесемін. 

Жалпы бала сабақ қызықты өтсе ғана есте сақтайды. Әрі қазіргідей түрлі технология дамыған заманда оқушыны оқуға қызықтыру өте қиын. Сол себепті барынша түрлендіруге тырысасың. Осындайда өнер керек-ақ, кейде тақырыпты ұғындыру үшін өлең шығарамын. Көштен қалмау үшін үнемі ізденісте болып, білімді жетілдіріп отыру қажет.