Ұялы байланыс операторлары арасында бәсекелестік байқалмайды – Олжас Бектенов

Бектенов
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Ұялы байланыс операторлары әдетке айналдырған тарифтер құнын ұлғайту мәселесі жеке назарды талап етеді. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

«Біз сапалы интернеттің барлық жерде кеңінен таралғаны туралы әзірге ауыз толтырып айта алмаймыз. Жұртшылық бұл мәселеге үнемі шағымданып келеді. Тек өткен жылдың өзінде байланыс сапасына шамамен 21 мың шағым келіп түсті. Биылғы 5 айда мұндай шағымдар саны 11 мыңға жуықтады. Мәселе тек шалғай елді мекендерде интернеттің нашар болуында ғана емес. Қалаларда да мобильді байланыс пен интернет сигналының көңілден шықпауы байқалады», - деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ Үкімет басшысы шекара өткізу пункттерінде де байланыс пен интернет сапасы тұрақсыз екенін айтты. Бұл көліктер мен адамдар ағынының шекарадан өтуіне кедергі келтіреді. Осы мәселе жедел шешілуі керек. Жалпы министрлік операторлармен және әкімдіктермен бірлесіп қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту қажет. 

«Операторлардың әдетке айналдырған тарифтер құнын ұлғайту мәселесі жеке назарды талап етеді. Бәсекелестікті дамыту мақсатында байланыс қызметтерінің тарифтерін мемлекеттік реттеу алып тасталғаны белгілі. Бәсекелестік қана бас реттеуші болуға тиіс. Алайда, әзірге бұл байқалмай отыр. Операторлардың барлығында бағалар шамамен бірдей. Бұдан басқа, Салық кодексінің аясында операторлар үшін радиожиілікті спектрге 90 пайыз мөлшерінде жеңілдік көзделген. Осы ретте операторлар лицензиялық міндеттемелерге сәйкес үнемделген қаражатты байланыс инфрақұрылымын дамытуға инвестициялау тиіс. Сондықтан министрлік монополияға қарсы органмен бірлесіп, операторлардың міндеттемелерін толыққанды орындауын және бағалық сөзбайласу мен тарифтердің негізсіз артуына жол бермеуді қамтамасыз етуі қажет», - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар