Ұялы байланыс тарифі операторлардың инфрақұрылымға инвестиция салуынан қымбаттап жатыр — Коняшкин
АСТАНА. KAZINFORM — Ұялы байланыс тарифі операторлардың инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салуына байланысты қымбаттап жатыр. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин айтты.
— Министрлік тарифтердің, оның ішінде телеком саласының реттеушісі саналады. Осы орайда бірнеше жайтты айтқым келеді. Барлығымыз кез келген даму аталған қызметті іске асыратын компаниялары тарапынан инвестициялық шығындарды қажетсінетіндігін түсінуіміз қажет. Айталық, 2023 жылдан байланыс операторлары инфрақұрылымға 700 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Қазіргі уақытта базалық стансаларды, оның ішінде жаңа стандарттар бойынша 5G стансаларын орнату қарқынды жүріп жатыр, — деді ол Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Оның айтуынша, жекелеген жағдайда байланыс операторлары тарифті арттыруға құқылы.
— Бұл ретте тарифті бақылайтын әрі тиісінше тексеру жүргізуге мүмкіндігі бар өкілетті органның бар екенін де атап өткен жөн. Осы орайда біз қызметтер мен ішкі топтамаларға емес, жалпы саланың даму драйвері, байланыс сапасының артуына өкілетті мемлекеттік орган ретіндеміз. Бұл ретте біз азаматтарымызға сапалы ұялы байланысты, сапалы интернетті қамтамасыз етуге тиіспіз, — деді бірінші вице-министр.
Осы орайда ол өзі қолданатын мобильді оператордан тарифтің артатындығы туралы хабарлама алмағанын айтты.
Бұған дейін еліміздегі ұялы байланыс операторлары 2026 жылы тарифтер өзгеруі мүмкін екенін мәлімдеген болатын.