Үйде отырған азаматтар жұмыссыз санала ма – Тамара Дүйсенова жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова жұмыссыздар қатарына кімдер жататынын түсіндіріп берді.
«Жұмыссыздық туралы айтар болсақ, елімізде халықаралық стандарт ретінде қабылданған әдістеме бар. Сол әдістемеге сәйкес, адам алдымен жұмыс іздеу керек, нәтиже болмаса жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет, ең бастысы адамның жұмыс істеуге ниеті болуы тиіс. Егер адам еңбекпен қамту орталығына жүгінбей, үйде отырса ол жұмыссыз деп саналмайды», - деді Тамара Дүйсенова Мәжілістің жалпы отырысы барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Еске салсақ, таяуда Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов еңбек нарығындағы теңсіздік пен мамандар тапшылығы мәселесін көтеріп, жұмыспен қамтуда «тізесі шыққан» шараларды қолданып жатқанын айтқан еді.
Халық қалаулысының сөзінше, Үкімет есебінде жыл сайын шамамен 900 мың адам жұмысқа орналасатынын, жылына миллионға жуық адам жұмысқа орналасса да, жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалып отыр.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң қабылданды. Жаңа заңға сәйкес бюджеттің негізгі үлесі әлеуметтік салаға бағытталады.