«Үйден шығудан қалдық»: Павлодар тұрғындары сары масаның шабуылына ұшырап жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Шарбақты ауданының орманды жерлерінде орналасқан ауылдардың халқы сары масаның көптігіне шағымданып отыр. Айтуларынша, қансорғыш жәндіктердің көптігінен адамдар далаға шығудан қалған.

Маса
Фото: freepik

Әлеуметтік желіде Шарбақты ауданы Шошқалы ауылында түсірілген кадрлар пайда болды. Онда сары масаның үйір-үйірімен ұшып, адамдарға шабуылдаған сәттері түсірілген.

— Масаның көптігі сондай, бұдан былай шыдау мүмкін емес. Үйден аттап шықсаң болды бір үйір маса бірден бас салады. Көшеде олардың көптігінен тоқтаусыз ызың естіліп тұрады. Шаруашылықпен айналысу, бақшада жұмыс істеу, балалармен серуендеу немесе жай ғана таза ауада тұру мүлдем мүмкін емес. Тіпті, үй жанындағы әжетханаға барудың өзі нағыз азапқа айналды, — деп шағынданған ауыл адамдары.

Тұрғындар жергілікті билік органдары мен жауапты қызметтерден аталған мәселеге назар аударып, аумақты масаға қарсы улау (өңдеу) шараларын жүргізуді сұрап отыр.

Белгілі болғандай, сары масаның шабуылы Шалдай ормандарында орналасқан Бозалаң, Садықащы және Шалдай ауылдарында да байқалған.

Павлодар облысының әкімдігі өңірлік бюджет есебінен қаржыландырылатын дезинсекциялық іс-шаралар бұл аумақтарға қарастырылмағанын хабарлады.

— Облыстық бюджет есебінен қаржыландырылатын барлық дезинсекциялық іс-шара Ертіс өзенінің жағалауында орналасқан қала-аудандар аумағына бағытталған (Павлодар мен Ақсу қалалары, Май, Ақтоғай, Ертіс, Железин, Аққулы және Тереңкөл аудандары). Ертіс өзеніне шықпайтын Успен, Шарбақты, Баянауыл аудандарында және Екібастұз қаласының ауылдық аймағындағы жайылмадан тыс және далалық аумақтарды өңдеу қарастырылмаған. Бұл аумақтарда тек жекелеген учаскелерде және балалар лагерлері орналасқан орындардың айналасында тосқауылдық өңдеу жұмыстары жүргізіледі, — деп мәлімдеді әкімдіктен.

Шарбақты ауданы тұрғындарының өтініші бойынша облыстық жер қойнауын пайдалану басқармасының, облыстық ғылыми топтың және аудан әкімдігінің өкілдері Шошқалы, Бозалаң, Садықащы және Шалдай ауылдарына барғаны да хабарланды.

Мамандар қанаттанған шыбын-шіркейдің қалыптан тыс жаппай көбею дерегін растаған. Бұл күрделі жағдай соңғы 2-3 күн бойы байқалып отыр. Жайылма аумақтарынан тыс жерлерде шыбын-шіркейдің жаппай шығуына орман өрттерін сөндіру кезінде су алуға арналған жасанды су айдындары, сондай-ақ аталған ауылдардың маңында пайда болған шағын жергілікті су қоймалары себеп болуы мүмкін.

— 10 маусымнан бастап аталған ауылдарда қанаттанған шыбын-шіркей түрлеріне қарсы дезинсекциялық тосқауылдық өңдеу жұмыстары қолға алынды. Өңдеу жұмыстары ранц бүріккіштері мен ыстық тұман генераторының көмегімен жүргізілуде. Сонымен қатар шыбын-шіркейдің дернәсілдік түрлеріне қарсы су айдындарын биологиялық «Бактицид» препаратымен өңдеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр, — деп қосты әкімдіктен.

Еске сала кетейік, биыл Павлодар өңірінде шыбын-шіркейді улауға дрондар жұмылдырылады