Ұйымдастырушылар Джей Лоның концертіне қатысты жаңа мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде латынамерикалық жұлдыз Дженнифер Лопестің елордада өтетін концертіне билет толық сатылды.

— Соңғы бірнеше күнде біздің команда әр жағдайды жеке қарап шықты, орындарға қайта отырғызып, сатып алушылармен байланысып, әр мәселені шешуге тырыстық. Қазір Дженнифер Лопестің концертіне арналған билеттердің барлығы сатылды, бізге берілген квота толықтай таусылды, бос билет жоқ, — дейді ұйымдастырушылар.
Осы орайда концертті ұйымдастырушылар келесідей шешім қабылдады:
— Билетті сатып алып, бірақ ваучер алмаған клиенттер үшін өкінішке қарай, орын қалмады. Сол себепті, билет құнын толық қайтарады және қосымша сол сома көлемінде (100%) қаражатты иесіне қайта аударады. Ақшаны қайтару уақыты банк қызметіне байланысты, яғни 3 және 10 жұмыс күніне дейін.
— Егер билет сол бағадағы басқа орынға немесе билейтін алаңға ауыстырылса, ыңғайсыздық үшін билет құнының 50% өтемақы ретінде төленеді.
— Егер билет арзанырақ орынға ауыстырылса, толық қайтарым жасалады және концертке тегін кіреді.
— Алдағы тәулікте барлық клиентке тапсырыстың мәртебесі туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл жағдай бізге үлкен сабақ болды, алдағы уақытта міндетті түрде оңтайландырамыз, — деп түсіндірді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, биыл 1 тамызда әлемге танымал поп-жұлдыз Дженнифер Лопес Астанада концерт береді.
Кейін әлеуметтік желіде Джей Лоның концертіне Қазақстанға турлар сатылып жатқаны айтылды.
Артынша ұйымдастырушылар делдал сатқан билетпен Джей Ло концертіне кіре алмайтынын және заңсыз сатуға қатысты тексеру жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ ұйымдастырушылар Дженнифер Лопестің концертіне қайталанып сатылған билеттердің құнын өтеуге берді.
Бүгін астаналық жанкүйерлердің биі Джей Лоның назарына ілікті.