Үйінде автомат сақтаған Түркістан облысының тұрғыны қамауға алынды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының полицейлері заңсыз сақталған қаруларды тәркіледі. Оның ішінде АК-47 автоматы бар. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов мәлімдеді.

Төрт жергілікті тұрғынды тінту барысында олардан АК-47 автоматы, 3 мылтық карабині, 2 аңшылық мылтық, травматикалық тапанша, түрлі калибрлі патрондар мен жабайы арқар мүйізі және басқа да заттай дәлелдемелер табылып, тәркіленді.

Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты қаруды заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама да тағайындалған.
«Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде қаруды заңсыз сақтау фактілерін анықтады. Аталған іс бойынша Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарының тұрғындары қамауға алынды. Оқиғаның мән-жайы мен күдіктілердің қару-жарақ пен оқ-дәрілерді қандай мақсатта сақтағаны анықталуда. Тергеу жүріп жатыр», - деді Құрманбек Сахов.