Ұзынағаштан Алматыға: Күн сайын ауыл адамдары жұмысқа баруға қанша уақыт жұмсайды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыға алыс-жақын маңдағы ауылдардан көлігімен не қоғамдық көлікпен қатынап жұмыс істейтін адамдар аз емес. Мегаполиске әркім әртүрлі жолмен келсе де, бәрінің шағымы бір, ол — сағаттап уақыт алатын кептеліс. Осы орайда Kazinform тілшісі қала кіреберісіндегі таңғы және кешкі уақыттағы кептеліс мәселесімен танысып қайтты.

алматы тұрғыны
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, 10 негізгі магистраль бойынша Алматы аумағына жұмыс күндері орта есеппен 400 мыңнан астам автомобиль кіреді.

Ал облыстан қалаға кіретін қосымша 17 жолмен 300 мыңнан астам көлік келеді.

а
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Бұл көліктердің бірін басқарып, жұмыс үшін күнделікті Ұзынағаштан Алматыға жол жүретін тұрғындардың бірі — Бауыржан Тұрғынбаев. Ол ҚТЖ «Алматы магистральды желі бөлімшесінің» Алматы электрмен жабдықтау дистанциясында жұмыс істейді. Мұнда қызмет етіп жүргеніне 20 жылдан асқан.

— 2000 жылы Шу қаласынан келіп, алдымен Алматы энергетика колледжінде «техник-электрик» мамандығын, кейін Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «инженер-электрик» мамандығын алып шықтым. Қазіргі жұмыс орныма 2003 жылы кірдім. Анам да 40 жылдай теміржолда жұмыс істеген. Қазір әпкем де осы салада қызмет етеді. 2014 жылдан бастап департаменттің орталық зертханасында жетекші инженер болып еңбек етемін, — деді ол.

ұзынағаш
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Бауыржан Тұрғынбаевтың жұмыс орны Алматы-1 теміржол вокзалының маңында. Ол мұнда жету үшін күнделікті таңғы 5.00-5.30 арасында ұйқысынан тұрып, 6:00 шамасында жолға шығады. 

11 қараша дүйсенбі күні Kazinform тілшісі айтылған азаматпен бірге Алматыға дейін жол жүріп көрді.

алматы
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Бұл күні 05:20 шамасында оянған ол жұбайымен бірге 06:10-да үйден шықты.

Ұзынағаш ауылының ішінде бірінші көзге түскені — такси ұстап және автобус күтіп тұрған адамдардың көптігі болды. 

алматы
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Бауыржан Серікұлы бұл ауыл тұрғындары үшін үйреншікті көрініс екенін айтады. 

— Ұзынағаштың тең жартысы қалаға барып жұмыс істейді. Себебі мұнда бәріне жұмыс жоқ. Мен өзім күнделікті 5-тен аса оянып, жарты сағат жолға жиналамын. Сосын 6-лар шамасында жұмысқа шығамын. Жолға ең кем дегенде 2 сағат, әйтпесе күнделікті 3 сағат кетеді, — дейді тұрғын.

Көлік «Алматы-Бішкек» автожолына 06:18-де жетті. Жолда Алматы мен Ұзынағаш арасында жақында қатынай бастаған біршама № 245 автобусын байқадық. 

автобус
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Қалаға барар жолда алғашқы кептеліс Қаскелең бұрылысына келгенде 06:36-да басталды. 

жол
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

2gis қосымшасы осы жерден Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін көлік қозғалысы қиындағанын көрсетті.

алматы
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

— «Алтын орда» маңында көпір мен жолайрықтың ашылуы мәселені шешкен жоқ, кептеліс облыс жаққа қарай ығысып кетті. 19-шы шақырым бұрылысынан Алмалыбаққа дейін ұзын-сонар көлік кезегі көбейді. Себебі жол екі-ақ жолақ, соны төртеуге дейін көбейту керек. Оның өзінде кептеліс толығымен кетпейді. Бірақ қазіргідей көп уақыт алмайтын болады. 19-шы шақырым жақта көлік айналатын көпір жасаған жөн, — деп атап өтті жүргізуші.

көлік
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Кептеліс кезінде жолдан шығып, жолсыз жермен шаңдата жүрген көліктер де болды. Тәжірибелі жүргізушінің айтуынша, мұндай жүрісті полиция қызметкерлері көрген жағдайда жүргізушіге 50 мың теңгеден астам айыппұл салынады.

көлік
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
алматы
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Дегенмен кептелісте тұрып Алматы өңірінің жүргізушілеріне тән жақсы әдетке де көзіміз түсті. Көлік иелері ұзақ уақыт қимылсыз тұрғанына қарамастан алдымен полиция көлігіне, кейін жедел жәрдем көлігіне ашыла жол берді.

алматы
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Біз кептелістен шыға бергенде полиция мен медицина қызметкерлерінің қайда асыққаны белгілі болды. Абай ауылына апаратын Абай көшесіне жетпей жеңіл көлік қоршауға соғылыпты.

апат
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

— Жолда көлік апаты болып, кептеліс күшейіп, қанша ерте шықсаң да жұмысқа кешігіп қалатын кездер болады. Ондай кезде мен жұмысқа хабарласып, кешігіп жатқанымды ескертемін. Бірақ көбіне уақтылы барамын. Қар мен жаңбыр жауған кезде қала ішінде де, сыртында да қозғалыс қиындайды. Жолым тағы жарты сағатқа ұзарады, — деп атап өтті кейіпкеріміз.

жол
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын өткеннен кейін шағын кептелістер «Асыл арман» тұрғын үй кешені және «Алтын орда» базарының маңында және Райымбек көшесінің бойымен Момышұлы көшесіне дейін әр тұста болды.

өткел
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Қалаға бір сағат кептелістен кейін жеткен кейіпкер 07:48-де жұбайын Бауыржан Момышұлы метро бекетінен қалдырды. Әрі қарай ол Момышұлы көшесімен төмен қарай түсіп, Үлкен Алматы жолының бойымен Солтүстік айналма жолына шығып, 08:51-де жұмысқа жетті.

а
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

— Дүйсенбі күні жұмысқа жету жеңілдеу болады. Себебі базар жұмыс істемейді. Ал сейсенбіден жұмаға дейін кептеліс көбейеді. Сондай-ақ жұма күні кешке Алматыда облысқа қайту қиындайды. Себебі көлік те, адам да көп болады. Ондай кезде қалаға көшуді ойлап кетемін, — дейді ол.

Ал кешкі сағат 18:07-де Ұзынағаш тұрғыны үйіне қарай жолға шықты. Қайтар жолда «Ақкент» ТҮК пен Қалқаман аялдамасы арасында, «Апорт» ойын-сауық кешенінен «Алтын орда» базарынан өткенше және 19-шы шақырым бұрылысынан Алмалыбақ ауылына дейін кептеліс болды. 

пробка
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Бауыржан Тұрғынбаев кешке 20:49-да үйіне жетті.

Оның Алматыдағы жұмыс орны мен Ұзынағаш ауылының арасы — 55-57 шақырым. Айтуынша, орта есеппен бір аптаға 60-65 литр жанармай кетеді, оған 14-16 мың теңге жұмсайды.

Еске салайық, бұған дейін ҚазАвтоЖол компаниясының Алтын орда маңындағы кептеліс мәселесін қалай шешетінін жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар