V Астана экономикалық форумы аясында «Көшбасшылар диалогы» өтеді

Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында форум ұйымдастырушыларының бірі - «Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы атқарушы органының төрағасы Мұрат Қарымсақов мәлім етті.
Оның хабарлауынша, «Көшбасшылар диалогы: қаржы-экономиканың жаңа саясаты» пікірсайысы - бұл форум аясындағы негізгі әрі эксклюзивті іс-шаралардың бірі. «Оған белді саясаткерлер, сарапшылар мен әлемдік БАҚ өкілдері қатысатын болады. Төртжақты пікірталас барысында әлемдік қаржы жүйесін қайта құру, Еуропадағы қазіргі жағдай, АҚШ пен Қытайдағы экономикалық тұрақсыздық, сондай-ақ «G-20» тобына мүше мемлекет басшыларының қаржы жағдайын қадағалау бойынша алған міндеттері жан-жақты талқыланатын болады», - деп атап көрсетті М.Қарымсақов. Жоспарға сәйкес, осы пікірталасқа Ұлыбританияның экс-премьер-министрі Тони Блэр, Голландияның бұрынғы үкімет басшысы, Мадрид клубының президенті Уим Кок, Италияның экс-премьері Романо Проди, БҰҰ-ның Зияткерлік меншік жөніндегі бүкіләлемдік ұйымының Бас хатшысы Фрэнсис Гарри, Халықаралық қордың үйлестіруші-директорының орынбасары Мин Жу, БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ша Цзукан, Нобель сыйлығының лауреаттары - Джон Нэш, Роберт Манделл, Кристофер Писсаридес, Роберт Ауманн және бизнес саласының белді өкілдері қатысады. Сондай-ақ бұл іс-шараға Euronews, CNN, Bloomberg, International Herald Tribune, Financial Times сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері атсалысатын болады.